16 қаңтарда өткен брифингте Алматы прокуроры Берік Жүйріктаев қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты
Алматы прокуроры фейктердің таралуына жол бермеуге және арандатушылыққа бой алдырмауға шақырды. 16 қаңтарда өткен брифингте Алматы прокуроры Берік Жүйріктаев қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты.
Оның айтуынша, барлық қылмыстарды тергеу үшін құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын ведомствоаралық тергеу тобы құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біз лаңкестік әрекеттерге және басқа да қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдануда. Қазір құқық қорғау органдары 405 қылмыстық істі тергеуде. Соттың санкциясымен 249 адам қамауға алынды», - деді Б. Жүйріктаев.
Ол қала бойынша қылмыскерлердің қолынан 2 мыңға жуық нысан зардап шеккенін хабарлады. Тергеушілер басым тәртіппен зардап шеккен бизнес нысандарын тексереді. Оқиға орнынан көптеген дәлелдемелер, заттай дәлелдемелер және қылмыс іздері алынады. Бұл бандиттердің киімдері, бейнежазбалар, қылмыс құралдары, оның ішінде 127 қару. Алынған бейнематериалдар қылмысқа қатысушыларды анықтау және кейіннен сәйкестендіру үшін пайдаланылады.
«Жұмыс Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғау ұйымдарының өкілдерімен, Адвокаттар алқасымен және Кәсіпкерлер палатасымен тығыз өзара іс-қимылда жүргізілуде. Қамалғандарды ұстауды тәуелсіз бағалау үшін оларға тергеу изоляторларына кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілді», - деді қала прокуроры.
Оның айтуынша, азаматтарды жәбірленуші деп тануға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл өтемақы алу үшін маңызды.
Прокурорлар Президенттің тапсырмаларын орындау үшін ауыр жаза беруге әрекет жасамағандарға жазаны жеңілдету шараларын қабылдауда.
«Бұл жерде құқық бұзушының ісі жеке қаралуда. Мәселен, қала прокуратурасы71 адамның жазасын жеңілдетті, тергеу изоляторынан 91 адамды босаттық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Прокурорлар қылмыстық процестің барлық кезеңдерінде азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді», - деді Б. Жүйріктаев.
Ол қалада терроризмге қарсы операция жалғасып жатқанын еске салып, көпшіліктен шектеулер мен құқықтық тәртіпті сақтауды сұрады.
«Фейктердің таралуына жол бермеуге және арандатушылыққа бой алдырмауға шақырамын. Бірақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтарды бұзуына немесе қиянатына тап болсаңыз, прокуратураға хабарласыңыз. Күнделікті онлайн қабылдау жүргіземіз, әлеуметтік желілерде бармыз», - деді Алматы прокуроры.