Алматыда кеміргіштерге қарсы күрес 47 мың гектардан аса аумақты қамтиды

05.05.2020 04:24

24 сәуірде басталған бұл науқан 31 мамырға дейін 8 ауданды түгелдей қамтитын болады

Almaty.tv

Алматыда кеміргіштерге қарсы күрестің көктемгі маусымы басталып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

24 сәуірде басталған бұл науқан 31 мамырға дейін 8 ауданды түгелдей қамтитын болады. Тазалау жұмыстары ашық алаңдарда, саябақтарда, тұрғын үй кешендері мен жер үйлерде, сондай-ақ, өзен жағасы секілді 47 мың гектардан аса аумақта жүргізіледі.

Кеміргіштермен күресті мамандар биыл Наурызбай мен Бостандық ауданынан бастаған. Ең алдымен індерді анықтап, қақпан орнату бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліпті. Дератизациялық шаруаға 64 маманнан тұратын 10 топ және 10 техника тартылған.

«Медеу ауданында 23 мың жеке үй мен 8 мың ашық алаң бар. Сол жерлердегі тазалау кезінде былтыр қызыл түсті улы дәріні пайдаланатынбыз. Кеміргіштерге қарсы әрдайым бір уландырғышты пайдалана берсе, олар үйреніп қалады. Ал, биыл арпаға арнайы ваниль дәмі мен хош иістендіргіштер қосылған, сапасы жоғары және тиімді дәріні пайдаланудамыз», – деді  «Нұртаңсық» ЖШС басшысы Игорь ЛОБОВИКОВ.

Уландырғыш бұл препарат аудан тұрғындарына тегін таратылды. Тек зиянкестерге қарсы күресте арнайы ережелерді білуі тиіс.

ШУМ:

- Кеміргіштерге қарсы у таратып жүрміз. Бұларды үйдегі тауықтар, мысықтар жеп қоймасын және балалардан аулақ ұстаңыз.

- Рахмет сізге!

Осылай жыл сайын зиянкестермен алысып шаршаған Медеу ауданының тұрғыны Светлана жылда таратылатын дәрінің көмегі зор екенін айтады.

«Жылда осы уақытта бізге осындай уландырғыш дәрілер беріледі. Үйімізде 3 жыл көлемінде қояндар ұстағандықтан, тышқандар пайда болған. Ал, мына дәрілер кеміргіштерден құтылуға септесті. Алғысымыз шексіз!» – деді қала тұрғыны Светлана ЖУРОВА.

Алдағы уақытта 5 ауданда жүргізілетін тазалау жұмыстарына 2 күннен 6 күнге дейін уақыт бөлінген. Тек жұмыс нәтижиелі болуы үшін әрбір тұрғын улы затты дұрыс пайдалануы қажет.

Кеміргіштерге қарсы күресте мынадай жасыл түсті дәнді дақылға ұқсайтын бродифор атты улы дәрі ең тиімді дейді мамандар. Тек қана оларды пайдаланатын кезде сақтық шараларын сақтап, нұсқаулықтармен толығырақ танысқан жөн. Ең бірінші, кеміргіштер мекендейтін інді тауып алып, ол жерді сәл ғана қазып, салмағы 350 граммдық бродифор улы затын осында сеуіп, бетін жәй ғана жауып қою қажет.

Сондай-ақ, кеміргіштерді жою түрлі ауру таралуының алдын алады. Төтенше жағдайға байланысты бұл науқан биыл 3500-ға жуық сауда және өндірістік нысан мен 500-ден астам білім беру және денсаулық сақтау нысанын да қамтымақ.

Аяулым Көлжігіт,  Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы