Көктөбедегі өрт: Сағынтаев оқиға орнына барды

12.08.2019 04:59

Қала әкімінің айтуынша, өртке қарсы қызмет күші қарауылдау режіміне көшті

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Көктөбе бөктерінде тұтанған өрт аумағына барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бүгін Көктөбе тауының оңтүстік-батыс баурайында үлкен өрт болды. Оқиға болған жерге келдім. Қаланың өртке қарсы негізгі күштері: ТЖД-ның жеке құрамының және коммуналдық қызметтердің 1500-ден астам қызметкері, 70 арнайы техника жұмылдырылды. Оқиға жайында ІІМ және Қорғаныс министрлерімен сөйлестім. Қазіргі уақытта 10 гектар аумақтағы өрт ауыздықталды. Жағдай бақылауда. Қалаға қауіп жоқ», - деп жазды Бақытжан Сағынтаев Instagram парақшасында.

Қала әкімінің айтуынша, өртке қарсы қызмет күші қарауылдау режіміне көшті. 

«Өрттің себебін анықтау үшін қылмыстық іс қозғалады. Өрт сөндіруге қатысып, ерлік танытып, тілсіз жаудың қалаға тарауына жол бермегендерге алғыс айтамын», - деп жазды Сағынтаев.