Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын автожолын жаңарту жұмыстары қалай жүріп жатыр

11.06.2026 13:57

Жобада 64 техника мен 146 жұмысшы жұмылдырылған

Depositphotos.com

Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолының 763 - 1025 шақырым аралығын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайтын жол учаскесі 7 құрылыс бөлігіне бөлінген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Жобада 64 техника мен 146 жұмысшы жұмылдырылған. Қазіргі таңда 763 - 791 шақырым аралығындағы бөлікте жер қазу жұмыстары, жол негізін салу және инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыру жұмыстары жүргізілуде.  Аталған жолға соңғы 20 жыл ішінде күрделі жөндеу жүргізілмеген. Бүгінде бұл бағытпен тәулігіне орта есеппен 12-15 мың көлік қатынайды, олардың шамамен 70 пайызы – жеңіл автокөліктер. Жаз мезгілінде көлік қозғалысы 24 мыңға дейін артады. Жоба аяқталғаннан кейін жолдың өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың көлікке дейін ұлғаймақ.

Жобаның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, көлік қатынасын жақсарту және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту.

Оқи отырыңыз: Таразда такси жүргізушісінен марихуана тәркіленді