Алматыда Жандосов көшесінің бір бөлігінде қозғалыс уақытша шектеледі

12.09.2025 15:30

Аймақта  құбыр мен кәріз жүйесінжүргізіледі

Almaty.tv

Алматыда 12 қыркүйек сағат 23:00-ден бастап 14 қыркүйек сағат 05:00-ге дейін Жандосов көшесінде құбыр мен кәріз жүйесін жүргізуге байланысты автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі. Бұл туралы қалалық Энергетика және су шаруашылығы басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қозғалыс төмендегі учаскелерде шектеледі:
    •    Жандосов – Дәулеткерей көшелерінің қиылысы (400 мм құбыр желісі, 1000 мм қаптама диаметрі);
    •    Жандосов – Дәулеткерей көшелерінің қиылысы (325 мм құбыр желісі, 1000 мм қаптама диаметрі);
    •    Жандосов – Айманов көшелерінің қиылысы (325 мм құбыр желісі, 1000 мм қаптама диаметрі);
    •    Жандосов – Бекешев көшелерінің қиылысы (325 мм құбыр желісі, 1000 мм қаптама диаметрі).

Бұл аумақтар екі ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға байланысты шектеліп отыр:
    1.    «Алматы қаласында Батыс кәріз коллекторын салу» – жалпы ұзындығы 34,9 шақырымдық магистральды кәріз коллекторы салынады. Жоба Наурызбай және Алатау аудандарының 175 мыңнан астам тұрғынын, сондай-ақ Алматы облысының Қарасай және Іле аудандарының шамамен 20 мың тұрғынын орталықтандырылған су бұру жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.
    2.    «Наурызбай ауданы Ақжар шағынауданында су және кәріз желілерін салу» – аумақтың инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға, ауыз су беруді тұрақтандыруға және кәріз жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қала тұрғындары мен қонақтары сапарын алдын ала жоспарлап, баламалы бағыттарды таңдап алған жөн. Басқарма уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұрайды.

Еске саламыз, қозғалысқа қатысты барлық ақпарат Almaty.kz сайтында, @AlmatyJoly Telegram арнасында, аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ, 2GIS және сервисінде жарияланады.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі санитарлық тазалық пен көгалдандыруға бақылауды күшейтуді тапсырды