Референдум-2022: Алматыда бүкіл сайлау учаскесі ашылды

05.06.2022 13:16

Олардың бәрі таңғы сағат 07.00-ден бастап өз қызметіне кірісті

Almaty.tv

Бүгін Алматыда 574 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олардың барлығы таңғы сағат 07.00-ден бастап өз қызметіне кірісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Азаматтарға қолайлы жағдай туғызу үшін сайлау нысандарында жан-жақты жағдай жасалған. Учаскеде ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға пандус та орнатылыпты. Ал тиесілі орынға келе алмайтын тұрғындар өтініш жазып, бюллетеньге өз үйлерінде қол қоя алады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін әр сайлау учаскесінде арнайы кабина бар. Мұнда есту және көру қабілеті бұзылған сайлаушыларға компьютер, құлаққап пен арнайы жарық қойылған.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасы кез келген учаскедегі ақпараттық стендте орналасқан. Сондықтан дауыс беріп, таңдау жасамас бұрын азаматтар осындағы мәліметтермен таныса алады. Сондай-ақ, қандай да бір сұрақ туындаса, сайлаушы сол жердегі комиссия мүшелерінің көмегіне жүгінеді. Бұл үшін мамандар арнайы каскадтық оқудан өткен.

«61 және 63 учаскеде комиссия мүшелері 9 адам. Оған қоса бақылаушылыққа 6 адам қарастырылып отыр. Референдум уақыты таңғы 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін өтеді», – деді учаскелік референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Нұрхат Айтжан

«100 пайыз дайынбыз. Бүкіл учаскелер ашық. Учаскелердің ішінде болатын керек құжаттар, керек-жарақ нәрселердің бәрі қамтамасыз етілген», – деді Алматы қалалық референдум комиссиясының төрағасы Жанна Асанова.

Референдумға 10 күн қалғанда азаматтардың ұялы телефонына сайлау учаскесі туралы ақпарат жіберілген еді. Қазір тұрғындар өздері дауыс беретін жердің мекенжайын мобильді қосымшалар арқылы біле алады.

Референдумда дауыс беру үшін қала бойынша азаматтарды 574 сайлау учаскесі қабылдайды. Оның 67-сі аурухана мен әскери орындар сынды арнайы мекемелер болса, қалған 507-сі ашық форматтағы мекенжайлар. Айта кетейік, референдум таңғы сағат 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жалғасады.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы