Алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған үндеуінде осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президент мемлекеттік қызмет жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер еместігін атап өтті. Сондай-ақ полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейтінін айтты.
Кемел келешек үшін халықпен келісіліп, келелі кездесулер өткізіліп Конституцияға өзгерістер енгізу шешімі шығарылды. Айбарлы Ата заң саяси жаңғырудың бастауы болатынына халық сенім артып, референдумды қолдады. Президент те «Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік» деп атап өтті. Енді дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етпек.
«Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қабылдау қажет. Еліміздің орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуы тиіс. Тек сонда ғана өзін-өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастыра аламыз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз үндеуінде Президент мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасатынын баса айтты. Алдымен қоғаммен санасатын және оның барлық талап-тілектеріне жауап беретін озық мемлекет құру міндетін қойып отыр.
«Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады. Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз», – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құқық қорғау және сот жүйелерінде де реформалар жүргізіледі. Президент мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асыру керектігін айтты. Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Оның қаулысына жедел әрекет ету тетігі енгізіледі.
«Біз қоғамның және бизнес өкілдерінің өз құқығы мен заңды мүддесін қорғауға сұранысы арта түскенін көріп отырмыз. Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауы тиіс. Заман талабына сай келмейтін және күмән туғызатын нормалардың бәрі күшін жоюға тиіс», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елден жылыстатылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару бағытында да ауқымды жұмыс жалғаспақ. Ал елімізді дамытудың өзге де мәселелері бойынша нақты шешімдерді Президент қыркүйек айында өтетін Парламенттің кезекті сессиясында айтатынын мәлімдеді.
Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы