Қоғамдық штабтың басты мақсаты – Мемлекет басшысының жалпыхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамасын көпшілік арасында кеңінен түсіндіру
Алматыда референдумның мән-маңызын көпшілікке түсіндіру жұмысымен айналысатын қалалық қоғамдық штаб жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құрамына 20-дан аса қоғам белсендісі кірген топта ардагерлер кеңесі мен үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің және Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері бар. Қоғамдық штабтың басты мақсаты – Мемлекет басшысының жалпыхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамасын көпшілік арасында кеңінен түсіндіру. Осылайша, ауқымды саяси өзгерістерге дайындау.
«Соңғы кезде көп әңгіме болды ғой. Соның бәрін жинақтап, реттеп конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізетін болды. Әр ұжымға барып, айтамыз. Бұрынғыдай алаңға шығып айқайлап жүретін заман емес. Маңызын жеке түсіндіру керек, қазір әр ауданда штаб құрамыз деп ойлап отырмыз. Қазір білесіз ауданда адам саны 200-300 мыңнан асып кетті. Біздің бәрімен жұмыс істеуге құрамдағы адам жетпейді», – деді қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов.
Штаб мүшелері референдум кезінде Алматы қаласы тұрғындары белсенді болады деп сенеді. Себебі, мегаполис – республикадағы халық саны мен ауқымы жағынан ең ірі қала. Бүгінде бір ауданның өзінде 300 мыңнан аса тұрғын бар.
«Бүгінгі таңда Екінші республиканың басты айырмашылығы – оның фишкасы деп айтсақ болады, бұл халықтың ой пікірімен танысу. Ол мынау әлеуметтік желіде болсын бірден көрініс тауып отыр, шешімдер қабылданып жатыр. Соның нәтижесінде халық өзінің ойының, даусының бар екендігін сезінеді, түсінеді. Содан кейін барып, саяси белсенділік арта түседі», – деді саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Сімтіков.