Алматы тұрғындары үшін Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша 5 маусымға белгіленген республикалық референдум жайында ақпарат беретін бірыңғай Call-орталық іске қосылды.
Call-орталық халықты ақпараттандыру және қала тұрғындарына референдум мәселелері бойынша кеңестер беру әрі дауыс беру процесіне тарту үшін құрылған. Бірыңғай Саll орталыққа +7 (727) 3384545 телефоны бойынша хабарласып, өзіңізді республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімінен тексеруге, сондай-ақ өз учаскеңіздің нөмірі мен мекенжайын нақтылауға болады.
Қоңырау шалу барысында Call-орталықтың операторлары азаматтардың мүмкіндіктеріне, дауыс беру рәсімдеріне және референдум күніндегі учаскелердің жұмысына қатысты бүкіл заңнамалық нормаларды түсіндіреді.
Call-орталық қоңырауларды күн сайын үзіліссіз және демалыс күндері, сондай-ақ дауыс берілетін күннің соңына дейін сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін қабылдайды.
Open-almaty.kz сайтында дауыс беруге арналған учаске туралы ақпарат алу жөніндегі функционал қолжетімді. Қажетті ақпаратты @ReferendumAlmaty2022Bot Telegram-боты арқылы да алуға болады.
Өзіңізді тізімнен табу және мәліметтерді алу үшін ЖСН нөмірін енгізу қажет.