Қазақстанның жаңа кезеңінде Конституцияға өзгерістер енгізу және референдум өткізу маңызды шешім. Саясаткердің пікірінше, бұл өзгерістерде қоғамның алға дамуы, халықтың үнін есту ескерілген, деп хабарлайды Almaty. tv тілшісі.
Сондықтан мемлекет болашағының бағдары – Конституция халықтың мүддесіне жұмыс істейді және елімізді жаңа белеске көтереді деген сенім білдіреді. Әсіресе жастардың болашағын жарқын етуге жол ашады деген пікірлер айтылуда.
«Әр адам осы референдумға егер шын мәнісінде қатысатын болса, мен ойлаймын, жалпы сайлау жүйесінде де, референдум жүйесінде де бір жаңа қадам басамыз деп ойлаймын. Жастарға үлкен мүмкіндік береді. Өйткені жастар болашақта мемлекетіміз қалай дамиды, біз қалай бұрынғы кемшіліктерді қайталамауымыз керек, қалай құтылуымыз керек, соның барлығына заңдық негіз қаланатын осы референдум деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай.
«Партиялық жүйенің ебедейсіздігі тұрғысынан Мәжіліс депутаттарына қатысты сындар өте көбейіп кетті. Сондықтан мажоритарлық норманың қалыптасуына мүмкіндік берілуі дұрыс шешім болды. Кезінде мәслихат депутаттарының қолында бюджеттік-ревизиялық комиссия болған. Қазір жоқ, енді қайтарылады, халықтың күнделікті саяси өмірге белсене араласуға жол ашылып жатқан сияқты», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғазиз Құлахметов.