Кездесу кезінде студенттер өлім жазасына қатысты мәселеге назар аударды
Референдумның арқасында қоғамда саяси белсенділіктің артқаны байқалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әсіресе жастардың арасында жаңа жүйе құруға ұмтылыс бар. Осылай деген саясаттанушы Жомарт Симтиков Конституцияны бұрын оқып көрмеген адамдардың өзі Ата заңның әр тармағына мән бере бастады дейді. Референдумды қолдау штабының өкілдері Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аудиторияны толғандырған сұрақтарына жауап берді.
«Жастар шындығында Қазақстанның болашағына сенетіндігін байқадық. Сонымен қатар Қазақстанның Ата заңына енетін өзгерістерге қызығушылығын танытты. Қоғамға қажетті референдумда айтылмаған мәселелер де көтеріліді» – деді саясаттанушы Жомарт Симтиков.
Кездесу кезінде студенттер өлім жазасын алып тастау, БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізу, партияларды құру сияқты мәселеге назар аударды. Сауалдарға жауап берген штаб өкілдері талқыға түскен сұрақтар мен ұсыныстар Парламентке жеткізілетінін атап өттті.
«Президенттің енгізіп отырған ұсыныстарының басым бөлігін біз қолдаймыз. Дауыс беруге барамыз. Штаб өкілдерімен өткен кездесуде сұрақтарды көбіне ертең ел тұтқасын ұстайтын жастар қойды. Олардың ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрдік», – деді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Асқар Хикметов.