Референдум арқылы Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізіледі

12.05.2022 20:49

Референдум арқылы Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Бекбол Рамазан айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Осы  жылдың 5 маусымда референдум өтетінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бейнеүндеуінде айтты. Конституцияның 33 бабына өзгерістер енгізілгелі жатыр. Сонымен қатар елде де біраз өзгерістер болары анық. Соны халыққа түсіндіру мақсатында қалалық штаб құрылды. Менде сол штабтың мүшесі болып кірдім. Бұл дегеніңіз, маған және де штаб мүшелігіне қабылданған басқа да әріптестерімізге артылған үлкен аманат деп білемін.  Ендігі біздің мақсат айқын. Үгіт насихат жұмыстарын жүргізу барысында, қарапайым халыққа құрғақ ауызды толтырып жалпылама сөйлей салмай, керісінше егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы оларды хабардар ету. Өзгертілгелі жатқан әр бапқа тоқталу. Референдумның не екенін түсіндіру. Жасыратыны жоқ, қоғамда осы сөздің мағынасын білмей жүрген жандар қаншама. Осы тұрғыда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгелі жатқан біздің өзіміз де сақадай сай дайын болуымыз қажет. Алда үлкен жұмыстар тұр. Ең бастысы шаршамайық!" – деді ол.