«AMANAT» партиясы Алматы қалалық штабының мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Алмат Қодасбаев референдум сайлауының нәтижесі туралы өз пікірін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Дауыс беру құқығы бар халықтың 68% референдумға қатысуы жалпы халықтың сайлау процесіне, мемлекеттік саяси өміріне қатысу белсенділігі көрсеткішінің біршама жақсы екенін аңғартады. Сайлау нәтижелері, меніңше, ешкімнің де күмәнін тударымайтын сияқты. Өйткені халық өзгерістерді қолдайды да, қалайды да. Бұл көрсеткіш – халық үмітінің көрсеткіші десек те болады», - дейді Алмат Қодасбаев.
Сайлаудағы халықтың белсенділігін атап өткен мәслихат депутаты халыққа бір болып, әрқашан Жаңа Қазақстанға нық қадам жасауға шақырды.
«Мұндайда Майқы бидің: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», - деген аталы сөзі еске түседі. Дәл осылай жұдырықтай жұмылып, өз қолымызбен өзгеріске демеу жасап отырсақ, жарқын болашағымыз жақындай түседі. Бұл игі істің басы Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы басталғаны жақсы бастама болды, бұдан кейінгі реформаларға да бәріміз бірдей қатысып, Жаңа Қазақстанға нық қадам жасайық», - деді мәслихат депутаты Алмат Қодысбаев.