Бүкіл ұлт болып ұйысып, елдігіміздің сыналар сынынан өттік. Бұл референдум бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл халық екенімізді көрсетті. Ендігі мақсат – еңселі ел болу. Осылай деген «AMANAT» партиясы Алматы қалалық штабының мүшесі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әсел Құрманбек ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен референдумға байланысты Қазақстан халқына үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына үндеу жасады. Үндеуде реформалардың негізгі мақсатын атап, ел тағдыры әрбір азаматтың қолында тұрғанын жеткізді. Халық та «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы ел дамуының жаңа кезеңге аяқ басқанын сезініп, референдумға келді.
Сәйкесінше, халықтың жанын жегідей жеген проблемаларды терең зерделей отырып, мемлекеттің дұрыс жолмен дамуының алғышарттарын көрсетіп берген Қасым-Жомарт Тоқаев елде орын алған олқылықтардың бәрін жедел сауықтырып, түбегейлі реформалар жасауға дайын екендігін дәлелдей алды. Енді жұрттың санасына сілкініс әкелген «Жаңа Қазақстан» жалаң ұран болмауға тиіс. Алда еліміздің заңнамасына өзгерістер еніп, саналы түрде әр істі сараптай алсақ халықты ешкім құрғақ сөзбен алдай да, арбай да алмайды», – деді Әсел Құрманбек.