Жазушылар Одағының мүшелері алдағы республикалық референдумға халықтың сенетінін айтады
«Референдум – ел үмітінің нәтижесі болуы керек». Бүгін Ұлттық кітапханада бас қосқан Жазушылар Одағының мүшелері алдағы республикалық референдумға халықтың қарайлап отырғанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ел тілегі мен мемлекет мүддесі назардан тыс қалмауға тиіс» деген қаламгерлер бұл ретте азаматтардың жаппай дауыс беруінің де маңызды екеніне тоқталды. Себебі Конституциялық түзетулер жобасы – халықтың демократиялық құқығының көрінісі болмақ.
«Біздің Конституциямыздың аңдатпасына, яғни оның приамбуласына міндетті түрде Қазақстанның, қазақ халқының мемлекеттілігі тайға таңба басқандай айқын көрсетілуі керек. Сол сияқты Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар тек қана референдум арқылы енгізілуі керек», – деді жазушы, публицист Марат Тоқашбаев.
Өткізілетін референдумның басты міндеті – Ата Заңға енетін өзгерістерді жалпы халықтың таңдауына беру. Бұл дегеніміз мемлекет пен қоғам арасында заңдық тұрғыда айқындалатын жаңа қатынастың алғышарты болмақ.
«Енді бұрынғыдай сайлау тізіммен өте салмайды. Қазір халықта мүдде, қызығушылық пайда болған. Бір кездері сайлауға баруға ниет танытпайтын. Ал қазір мен байқап отырмын, референдумға халық тарапынан сенім бар. Алдағы уақытта сайлауға да сондай қызыға барады», – деді жазушы, қр еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан.