Кедесуде студенттер референдумға қатысты ойын ортаға салды
Бүгін партияның штаб мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі – Бекқали Торғаев, Алматы қаласы бойынша «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы – Мейржан Отыншиев, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Болат Садықов ҚазҰАЗУ-дың ректоры Тілектес Есполов, оқытушылар құрамы мен студенттерімен кездесу өткізіп, референдумға қатысты өз ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өз сөзінде республикалық штаб мүшесі, депутат Б.Торғаев ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өткiзудің мән-маңызын және азаматтық қоғамды дамыту, халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу белсенділігін ынталандыру мәселесі күн тәртібіне қойылғанын кеңірек баяндап өтті.
«Референдум Ата заңның 33 бабына 56 өзгеріс енгізуді көздейді. Конституция реформасы мемлекеттің барлық моделін кешенді түрде трансформациялауға бағытталған. Өзгерістер суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламент пен жауапты үкіметі бар президенттік республикаға өтуді қамтамасыз етпек. Сонымен қатар, адам құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында «Конституциялық Сот» және «Адам құқықтары бойынша уәкілетті орган» деген екі жаңа бап енгізілмек. Одан кейін сайлау жүйесі өзгерейін деп отыр. Енді кез келген қазақстандық азамат өзін депутаттыққа ұсынуға мүмкіндік алатын болады», - деді Бекқали Торғаев.
Одан ары ол Президенттің облыстар мен қала, аудан әкімдерінің шешімін өз қалауынша тоқтата алмайтынын, енді бұл құқық шектеліп, жергілікті мәслихаттардың жауапкершілігін арттыру алға шығатынына тоқталды. Жаңашылдықтың тағы бірі жер мәселесіне қатысты өзгеріс. Қазіргі заң бойынша жер мемлекет меншігі болып саналады. Енді жер, су көздері мен басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болмақ. Меншік құқығын халық атынан мемлекет жүзеге асырады. Осыған байланысты халық өз шешімін қабылдауға тиіс екендігін де атап өтті.
«Жалпы, алдағы Ата заңда барлық адамның мүддесі ескерілгенін көріп отырмыз. Біздер осы берілген мүмкіндікті толық пайдаланып, ұсынылған өзгерістерді қолдауға тиіспіз деп ойлаймын. Референдумға қатысу – ертеңін ойлар елдің ортақ ісі. Сондықтан, ұстаздар мен студент шәкірттерді Жаңа Қазақстанға қадам бастайтын игілікті жолдағы жарқын таңдауды бірге жасауға шақырамын», - деді сөзінің соңында депутат Б.Торғаев.
Еліміздегі демократияландыру үдерісін одан ары жалғастыруды көздейтін Конституциялық өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы кездесуге қатысушылар тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға да толық жауап қайтарылды.
Өз кезегінде ұстаздар мен студенттер алдағы 5 маусымда өтетін референдумға ұйымшылдықпен қатысатындарын, әрі ел болашағы үшін жасалынбақ қадамдарды толық қолдайтындықтарын жеткізді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформалардың айрықша маңызды тұсы билік пен Президенттің қандай да бір саяси пайданы көздемейтіні деп санауға болады. Бұл реформалар Мемлекет басшысы соңғы жылдары ұсынған саяси бастамалардың қисынды жалғасы болмақ. Баршаңызды сайлау учаскесіне келіп, референдумға қатысуға шақырамын!»,- деп түйіндеді М.Отыншиев.
«AMANAT» партиясының республикалық және қалалық штаб мүшелері кездесу аясында университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысып, Вагенинген университетімен жұмыс істеу институтында, микроклональды көбею зертханасында болып, ЖОО базасында атқарылып жатқан инновациялық жетістіктерге ризашылықтарын білдірді.