Алдағы уақытта қазақ елін үлкен серпіліс күтіп тұр. Тек «жұмылған жұдырықтай» бірге әрекет етуіміз керек. Алматының қоғам қайраткерлері референдумға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшсі.
Бүгін Жетісу аудандық қоғамдық штаб өкілдері №143 мектептің ұстаздарымен кездесіп, референдум туралы сөз етті. Жиын барысында мұғалімдерге Конституцияның реформасы қаншалықты маңызды екені түсіндіріліп, дауыс беруге атсалысуға шақырылды.
«Қазір жүрегімізге сенім ұялай бастады. Себебі жердің иесі – халық. Сол жердің қойнауынан шығып жатқан байлықтың барлығына халық ие болуы керек. Тілімізден, дінімізден айырылып бара жатқан халқымыздың тілін қайтару деген сияқты дүниелерге бетбұрыс басталып жатыр», – деді ҚР кино қайраткері, профессор Шаяхмет Имашұлы.
Ал ғылыми қызметкерлер «Референдум - халық пен билік арасында сенім орнататын көпір болмақ» дегенді алға тартты.
«Біз Референдумға үлкен үміт артып отырмыз. Әрбір қазақстандық бұл бастаманы қолдап, сайлауға қатысуы керек. Біздің азаматтық борышымыз. 1995 жылдан бері Конституциямызға бірталай өзгерістер енді. Бірақ жалпыхалықтық референдум болмады. Енді Қазақстан өркендеп, дамуы қажет. Сол үшін де Ата заңымызға өзгерістерді бірге енгізу қажет», – деді ҚР БҒМ Ғылым комитетінің ғылыми қызметкері Жасым Османов.