Алматыда референдумды қоғамдық қолдау штабының ұйымдастыруымен жалпы 300-ден астам кездесу ұйымдастырылды. Бұл туралы штабтың төрағасы Рахман Алшанов «Алматы ауыр машина жасау зауыты» ұжымымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиында бүкілхалықтық дауыс берудің маңызы, ондағы өзгерістер айтылды.
«Әркімнің дауысы керек. Сұрақтарға қатысты мамандар, тарихшылар, заңгерлер, кәсіпкерлер, жастар, әйелдер бар дегендей пікірін айтсын. Тыңдаймыз, түсіндіреміз», – деді референдумды қоғамдық қолдау штабының төрағасы Рахман Алшанов.
«Халық арасында түрлі сұрақ туындайды. Біз барынша түсіндіруге тырысамыз. Мәселен көбі өзгеретін 33 бапқа енетін 56 түзету неліктен бір ғана сұрақпен берілген деген сияқты сауалды қояды. Біз оларға оның себебі енгізілетін өзгерістер бір-бірімен тығыз байланысты екенін айтамыз», – деді қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанова.
Ұжымның басым бөлігі саяси реформаны оң қабылдайтынын, қатысып өз таңдауын жасайтынын жеткізді. Жұмысшыларды өндіріс орнын дамыту, әйелдердің зейнет жасын қысқарту сияқты мәселелер толғандырады.
«Әрбір азаматтың өз құқығын айтатын уақыт келді. Әрбір азамат өз құқығын осы референдумда қатысу арқылы қорғайды. Өзгеріс күтеміз», – деді Алматы ауыр машина жасау зауытының бөлім басшысы Батырбек Қиятов.