Алматыда референдумның маңызын түсіндіру жұмыстары басталды

12.05.2022 23:53

Саяси ұйым мүшелері «Барлық» базарының қызметкерлерімен кездесті

Almaty.tv

Алматыда 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумның маңызын түсіндіру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Наурызбай ауданында құрылған Аmanat партиясы жанындағы қоғамдық штаб мүшелері № 157 мектеп мұғалімдерімен кездесіп, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер туралы толыққанды ақпарат берді. Сондай-ақ, саяси ұйым мүшелері «Барлық» базарының қызметкерлерімен кездесіп, халықты сайлауға белсенді қатысып, мемлекеттің болашағын айқындауға бір кісідей атсалысуға шақырды.

«Өздеріңізге белгілі 1995 жылы ҚР Конституциясы қабылданған болатын. Бүгінгі таңда Конституциямызға жаңартулар мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен болып жатқан іс. Қазақ елі қолдау көрсетіп отырмыз», – деді №157 ЖББ мектеп мұғалімі Бақыт Өскенбаев.

«Менің өмірімдегі ең бірінші референдум. Яғни референдумның тарихына келетін болсақ, 27 жыл бұрын болған екен. Бұл – мен үшін үлкен маңызды шара. Сол себепті мен Қазақстанның әрбір төртінші жас азаматы қатысып, өз даусын беру арқылы Жаңа Қазақстанды,  жаңа Ата Заңымызбен бастауға шақырамын. Әрбір Қазақстандық азаматтың даусы маңызды деп санаймын», – деді Amanat партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі Жәнібек Солтанай.