ҚР Ұлттық кітапханасының директоры референдумның бүкіл еліміздің болашағы үшін маңызын атап өтті
Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың «Еліміздің Ата Заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына сәйкес Республикалық референдум өткізу туралы дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға Кеңес мүшелері, республикалық, қалалық кітапханалар жүйесінің директоры мен қызметкерлері және жоғарғы оқу орындары ғылыми кітапханаларының жетекшісі қатысты.
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық одақтың төрағасы Бақытжамал Оспанова Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістерге тоқталып, оның бес мақсатын атап көрсетті.
«Конституциялық өзгерістің барлығы жалпыхалықтық референдум арқылы іске асады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімі қазақстандықтардың мемлекеттік басқаруға тікелей қатысуының айқын дәлелі. Конституцияға енгізілген өзгерістер Жаңа Қазақстанды құрудың құқықтық негізін нығайтады»,– деп атап өтті Қазақстан Кітапханалар одағының төрағасы.
ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбековтің айтуынша, референдум өткізу – мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтуға, еліміздің әлеуметтік секторы мен экономикасын дамытуға бағытталған дер кезінде қабылданған шешім.
Республиканың кітапхана қауымы атынан Бақытжамал Оспанова алдағы референдумды қолдайтынын мәлімдеді:
«Біз, Қазақстанның кітапханашылары, Мемлекет басшысының конституциялық реформа бойынша референдум өткізу туралы шешімін толық қолдаймыз және осы тарихи оқиғаның ел болашағы үшін маңызы туралы оқырмандар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бар күш-жігерімізді саламыз. Сондықтан да барша қазақстандықтарды 5 маусымда өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырамыз».