Референдумға 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары ұлтына және нәсіліне қарамастан қатыса алады.
Референдум – Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған қадамның жарқын көрінісі. Саясаттанушылар мен сарапшылар саяси реформалардың басты тетігі ретінде Президент ұсынған Конституциялық өзгерістерге оң бағасын беріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум өткізу ұсынылды. Соңғы рет елімізде референдум 1995 жылы өткен. Содан бері 4 рет өзгерту енгізілді. Одан кейін бұл тәжірибе қолданылмады. Ал дамыған алпауыт елдерде бұл қалыпты үрдіс. Мамандар мұндай қадам тікелей демократияның құралы дейді. Яғни, депутаттар арқылы емес, азаматтар өздері дауыс беріп, тікелей ойын білдіру арқылы Конституцияның қабылдануына ықпал етеді.
«Бұл өзгертулердің мәні неде? Бұл – қуатты елдің қадамын қарышты, бағытын баянды етудің төте жолы. Жаңа Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне елеулі серпіліс береді. Өйткені, осы өзгерістерде халықтың үніне құлақ асатын, халықтың ой-пікірімен санасатын мемлекет негіздері ескерілген. Конситуцияның құндылығы – әділдік, тәртіп, бірлік. Азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Міне, сондықтан әрбірімізге тікелей қатысты бар», – деді ҚР Конституциясына түзетулер енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Индира Әубәкірова.
Ата заңның 33 бабына түзетулер әзірленді. Бұл – оның үштен бір бөлігіне өзгерістер мен түзетулер енгізіледі деген сөз. Ал Ата Заң азаттығымыздың айшықты айғағы екені анық. Сарапшылардың айтуынша, референдумда дауыс беруді тек маңызды саяси шара ретінде ғана қарамай, әр адам өзінің тағдырына, ұрпағының жарқын болашағы үшін дауыс бергенін сезіну керек.
«Референдумға келіп дауыс бергенде азаматтар өзінің болашағына, оның тағдырына әсер ете алады. Сондықтан сирек өткізілетін, тарихи маңызы бар іс-шараға атсалысып, барлығымыз барып, дауыс беріп қатысуымыз керек. Еліміздің дамуында жаңа тарихи кезең басталуда. Сондықтан осы өзгерістер халықтың сұранысына, сонымен қатар заманның талабына сай келеді», – деді саясаттанушы Ермек Тоқтаров.
Халық та елдегі бетбұрысты кезеңде референдумға белсенді қатысатындарын білдіріп жатыр. Жауапты сәтте әр азаматтың дауысы айрықша рөл атқаратынын түсінеді.
БЛИЦ
«Менің ойымша референдум өте маңызды. Халқымызға, елімізге қажет деп ойлаймын. Маңызды өзгерістер енгізіледі деп ойлаймын. Сондықтан барша халық қатысуға міндетті», – деді қала тұрғыны Әлия Аймағамбетова.
«Бүкіл халық барғаны дұрыс деп ойлаймын. Өз дауысын берсін. Конституцияда не жазылған, соған байланысты әр адам өз дауысын беру керек деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Аян Кенжебеков.
Референдум өткізу барысында барлық талаптар, азаматтардың құқығы ескерілген. Сенат депутаты Ләззат Қалтаеваның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың да референдумға атсалысуына айрықша көңіл бөлінуде.
«Бұған дейінгі сайлауларда да біз учаскелердің мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді екенін, кіріп-шығуға ешқандай кедергісіз жағдай жасалғанын білеміз. Бұл жолы мүгедек жандарға тек сайлаушы ретінде, сайланушы ретінде ғана емес, байқаушылар қатарында болу мәселесі де ескеріліп отыр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева.
Республикалық Референдум 5 маусым күні өтеді. 20 мамырдан бастап әрбір азамат келіп, тізімнен өзін тексере алады. Учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтарды дауыс беруге кемінде 10 күн қалғанда, яғни 25 мамырдан кешіктірмей хабардар етуі қажет. Әрбір адамға тізім бойынша бюллетень беріледі. Дауыстар әдеттегідей референдум комиссияларының учаскелерінде қабылданады.
«Негізі референдум учаскелерінің орналасқан мекен жайлары қазір БАҚ-та жарияланған. Алматы қаласын алсақ, мысалы, «Алматы ақшамы» мен «Вечерняя Алматы» сайттарында тұр немесе газеттердің қағаз данасында шықты. 574 референдум учаскелері қызмет етуде. Бүгін, 20 мамырдан бастап өз жұмыстарын бастады», – деді Алматы қалалық референдум комиссиясының төрағасы Жанна Асанова.
Әкімдіктер дауыс беруге арналған учаскелерді анықтап, референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін жасауы тиіс. Ол тізімге тұрақты тіркеуі бар азаматтар енгізіледі. Ал егер жергілікті мекен жай бойынша тіркелмеген болса, азамат арнайы есептен шығару куәлігін алып, 4-маусым сағат 18:00-ге дейін кез келген референдум учаскесіне өзін тіркеуге қоя алады. Айта кетейік, референдумға 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары ұлтына және нәсіліне қарамастан қатыса алады. Сот шешімімен іс-әрекетке қабілетсіз деп танылғандар, бас бостандығынан айырылғандар дауыс бере алмайды.
Референдум сайлауын бақылаушылар бақылайды. Қоғамдық бiрлестiктер, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері референдумға байқаушы болып қатыса алады. Бірақ олардың өкiлеттiгi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен куәландырылады. Заң бойынша референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады. Олардың ішінде басым бөлігі шығарылған мәселені жақтап, дауыс берсе, оң шешiм қабылданады.
Асылбек Тойбек, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы