Бүгін «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов бейнеконференция байланысы арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды қолдау үшін партияның республикалық штабының алғашқы жиынын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиын барысында Президенттің жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау жөніндегі «AMANAT» партиясының мәлімдемесін жариялады.
«Президент Қазақстан халқына жариялаған биылғы Жолдауында ауқымды саяси реформалар ұсынды. Бұл реформалардың мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, суперпрезиденттік басқару формасынан Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейген саяси жүйеге көшу, демократиялық процестер қарқынын үдету, елдегі бірлік пен ынтымақты арттыру», – делінген мәлімдемеде.
Партия Төрағасы ауқымды реформалар сайлау, партиялық және сот-құқықтық жүйесін, аумақтық-территориялық құрылымы мен мемлекеттік биліктің бөліну принципін түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Оның айтуынша, бүкілхалықтық референдум мемлекеттің нақты өзгерістерге бет бұрғанын көрсетіп отыр, сондықтан партия барлық күш-жігерін конституциялық реформаны қоғамдық қолдауды ұйымдастыруға бағыттауға дайын.
Өз кезегінде, партияның Алматы қалалық штабының ашылуы өтіп, оның құрамына мегаполистегі беделді деген 55 аманаттық мүше болды. Штаб басшысының міндеті партия қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиевке жүктелді. Оның айтуынша, «Жаңа – Әділетті Қазақстанның» дамуы үшін референдумды өткізу тағдыршешті қадам.
«Мемлекет басшысы жария еткен алдағы референдумда Конституцияға енгізілетін өзгерістерді ел жұртшылығына түсіндіру мақсатында «AMANAT» партиясы республикалық Штаб құрған болатын. Оның құрамына біздің Алматыдан 9 белсендіміз еніп отыр. Олардың қатарында мәслихат депутаттары Ж.Абдумәлік, Қ.Сәрсенбай, М.Грачев, А.Көбеева, Ә.Нәбиев, партия жанындағы саяси кеңес пен бюро және аймақтық кеңес мүшелері Т.Балықбаев, К. Матыжанов, Ш.Жаманбалаева және А.Ерниязова бар. Сондай-ақ, жұмысты жандандыру мақсатын баса назарға ала отырып, штабтың басқа мүшелері әр ауданда жұмыс жасайтындай 8 топқа бөлуге шешім қабылданды»,– деді қалалық партия штабының басшысы Мейіржан Отыншиев.
Жалпы, ақпараттық-түсіндіру жұмысына Мәжіліс пен қалалық мәслихаттағы фракция депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері және партияның жастар қанаты белсенді атсалысатын болады. Жиын соңында штабтың жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берілді.
Естеріңізге салсақ, Мемлекет басшысы 5 маусымда республикалық референдумды өткізу туралы Жарлыққа қол қойған.
Ақпараттық хабарлама «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 7-бап, 2-тармағына сәйкес «Аманат» партиясының Алматы қалалық филиалының сұранысы бойынша дайындалды. Жауапты – Отыншиев М.Б.