Оның 67-сі аурухана мен әскери орындар сынды арнайы мекемелер болса, қалған 507-сі ашық форматтағы мекенжайлар
5 маусымдағы маңызды науқанға алматылық сайлау учаскелері 100 пайыз дайын. Ақпаратты қалалық референдум комиссиясы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дауыс берушілердің сұрақтары мен туындаған мәселелерін жан-жақты қарастыру үшін комиссия мүшелері арнайы оқудан да өткен. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтар саяси науқаннан сырт қалмай ма? Оларға қандай жағдай жасалған?
Азаматтарға қолайлы жағдай туғызу үшін сайлау нысандарында жан-жақты жағдай жасалған. Учаскеде ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға пандус та орнатылыпты. Ал тиесілі орынға келе алмайтын тұрғындар өтініш жазып, бюллетеньге өз үйлерінде қол қоя алады.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасы кез келген учаскедегі ақпараттық стендте орналасқан. Сондықтан, дауыс беріп, таңдау жасамас бұрын азаматтар осындағы мәліметтермен таныса алады. Сондай-ақ қандай да бір сұрақ туындаса, сайлаушы сол жердегі комиссия мүшелерінің көмегіне жүгінеді. Бұл үшін мамандар арнайы каскадтық оқудан өткен.
«61 және 63 учаскеде комиссия мүшелері 9 адамнан құралады және оған қоса бақылаушы 6 адам қарастырылып отыр. Референдум уақыты таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін өтеді. Кешкі 20:00-де референдум толықтай тоқтайды», – деді Учаскелік референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Нұрхат Айтжан.
«Дайындық 100 пайыз деп айтуға болады. Бүкіл учаскелер ашық. Учаскелердің ішінде болатын керек құжаттар, керек-жарақ нәрселердің бәрі қамтамасыз етілген», – деді Алматы қалалық референдум комиссиясының төрағасы Жанна Асанова.
Референдумға 10 күн қалғанда азаматтардың ұялы телефонына сайлау учаскесі туралы ақпарат жіберілген еді.
Қазір тұрғындар өздері дауыс беретін жердің мекенжайын мобильді қосымшалар арқылы біле алады:
– Иә, сообщение 2-3 жерден келді, референдум болатыны жайлы. Және қай жерде сайлау учаскесі екенін білем.
– Смске келді, учаскенің номері, бәрі жазулы тұр. Бізге арнаый шақырту әкеп тастаған, сонымен барамыз.
–Референдумға 2 күн қалды. Телефоныма смс келген, қай жерде болатынын білдім.
Референдумда дауыс беру үшін қала бойынша азаматтарды 574 сайлау учаскесі қабылдайды. Оның 67-сі аурухана мен әскери орындар сынды арнайы мекемелер болса, қалған 507-сі ашық форматтағы мекенжайлар.
Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы