Алматыда 574 учаске жұмыс жасап жатыр
Елімізде шамамен жарты сағаттан соң референдумда дауыс беру аяқталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін таңғы сағат 7-ден бастап Алматыда 574 учаске жұмыс жасап жатыр. Әзірге қала тұрғындары Конституциямызға енгізілетін өзгерістер бойынша тағдыршешті таңдауын жасауды жалғастырып жытыр. Ал тура сағат 20:00-де дауыс беру тоқтатылады.
Қаланың барлық ауданында дауыс қызу жүріп жатыр. Оқушылар сарайындағы №377 референдум учаскесінде 35 минуттан кейін дауыс беру аяқталады. Ал, мұндағы дауыс беру процесінің әділ өтуін таңғы 7:00-ден бастап 3 бақылаушы қатаң қадағалауда ұстауда. Ал сағат 8:00-де учаскенің есігі жабылып, қала тұрғындары ішке кіргізілмейді. Яғни, шектелген уақыттан кейін төраға дауыс берудің аяқталғандығы туралы хабарлайды. Артынша арнайы жәшіктерді тиісті комиссия мүшесі ашып, бюллетеньдер саналады. Кейін нәтиже референдум комиссиясына жіберіледі.
«Бұл учаскеде тізімге барлығы 2394 адам енгізілген екен. Әзірге комиссия мүшелері таңдау жасауға келгендердің соңғы легін қабылдап, дауыс беруді аяқтауға дайындалып жатыр», – деді Медеу аудандық №377 референдум учаскесінің төрайымы Әсия Мәлімова,
Айта кету керек, бүгінгі саяси науқанға қатысып, таңдау жасауға құқығы бар 1 миллион 126 мың алматылық тіркелген болатын.