Шетелдегі қазақстандықтар үшін 51 елде сайлау учаскелері құрылады
Республикалық референдумда қазақстандықтарға бір ғана сұрақ қойылады. «Қазақстан Республикасының Конституциясына енген өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауалға «иә» немесе «жоқ» деп дауыс бересіз. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы өзгерістер туралы түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтарды 25 мамырдан кешіктірмей хабардар етеді. Шетелдегі қазақстандықтар үшін 51 елде сайлау учаскелері құрылады.
«Референдумды әзірлеп, өзкізуді комиссия жүзеге асырады. Орталық референдум комиссиясы референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін Республикалық референдумды әзірлеу жөнінде негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жобаларын бекітеді», – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Қазақстандықтар референдумда көтерілетін мәселелерді қолдап та, қарсы да үгіт жүргізуге құқылы. Кейбір үгіт-насихат жазбалары заңсыз болуы мүмкін. Мысалы, анонимді түрде жазуға және нәсілдік, әлеуметтік араздық тудыратын сөздер айтуға болмайды. Бастысы мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге шақырмау керек. Сонымен қатар жиында депутат Шавхат Өтемісов референдум кезінде электронды жүйе пайдаланылмайды деді.
«Партия өкілдері осы мәселені өткізген кезде электронды жүйе енгізілсін деген әңгімені қолдамады. Жастар ыңғайлы деп есептейді. Дұрыс айтасыз, бірақ мұны терең зерттеу керек. Біріншіден, қанша қаражат кететін анықтауымыз керек. Екіншіден, қауіпсіздік мәселесі. Қазіргі жағдайды жақсы білеміз, хакер деген ұғым бар», – деді Орталық референдум комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов.