Референдумда әркімнің дауысы маңызды. Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары Алмалы ауданындағы белсенді өмір сүру орталығының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Халық қалаулылары 5 маусым күні өтетін жалпыхалықтық сайлау жүйесімен таныстырып, оның маңызын айтты. Еліміздегі саяси жаңғырудың басты мақсатын түсіндірді. Осылайша, аралас сайлау жүйесіне көшу арқылы барлық қазақстандықтар референдумға белсенді қатысады деген пікірде.
«Қазір көпшілік Конституцияда қандай өзгерістер болатынынан хабардар да, ал референдумның не үшін өтетінінен бейхабар болып жатады. Біздегі мақсат – өңір-өңірді аралап, көпшілікке насихат жұмыстарын жүргізу. Қазір бұрынғыдай менің дауысым маңызды емес, мен үшін басқалар шешеді деп отыратын уақыт емес. Бұл қарапайым халықтың ойын ескеру, пікірімен санасу үшін істеліп жатқан ауқымды жұмыс. Сол себепті біз осы деңгейге келуіміз керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қанат Нұр.