Шетелде 5 мыңнан астам отандасымыз референдумда дауыс берді

06.06.2022 03:45

Дауыс беруге құқылы азаматтардың 45 пайызы өз таңдауын жасаған

Almaty.tv

Ал шетелдерде қазақстандықтар әлі де өздерінің белсендіктерін танытып жытыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам отандасымыз референдумда Конституциялық құқығын пайдаланған.  Яғни дауыс беруге құқылы азаматтардың 45 пайызы өз таңдауын жасаған.

СІМ-нің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, уақыт айырмашылығы бойынша 52 мемлекетте 65 учаске ашылған. Қазір бірқатар шетелдерде учаскелер жұмысын аяқтады. Дәлірек, Қытай, Корея, Жапония мемлекетінде дауыс беру тоқтады. Ал кейбір елдерде учаскелер жұмысын бірер сағат бұрын ғана бастаған. Айта кетейік, референдумда шетелде дауыс беру құқығына 11 мың 350 Қазақстан азаматы ие.  

«Вашингтон, Нью-Йорк, Оттава қалаларында және Бразилияда орналасқан референдум учаскелері осыдан 2 сағат бұрын ғана ашылды. Онда дауыс беру 9 сағатқа жалғасады. Дауыс беру нәтижелері шығарылғаннан кейін қорытынды құжаттар жедел түрде Сыртқы істер министрлігіне Есіл аудандық сайлау комиссиясына тапсыру үшін жеткізіледі», – деді ҚР СІМ орынбасары Роман Василенко.

Ал елімізде өткен саяси науқан барысында халықаралық бақылаушылар тарапынан айтарлықтай ескертулер болмаған. Бұған дейін айтқанымыздай, шетелдік ұйымдардан 272 байқаушы келіп, дауыс беру барысын бақылаған болатын. Олар  сайлаушылардың шынайы мерекелік көңіл-күйімен қатар, жоғары белсенділігін ерекше атап өтті.

Асылбек Тойбеек,  «Алматы» телеарнасы