Алматыда сағат 20:00-де барлық 574 сайлау учаскесі жабылды. Бір миллионнан астам азамат сайлау құқығына ие болды. Зиялы қауым, өнер, жұртшылық, шоу-бизнес өкілдері, зейнеткерлер мен жастар бүгін өз таңдауын жасады. Алматылықтардың ерекше белсенділігін тәуелсіз бақылаушылар атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан бойынша дауыс беретін адамдар саны Алматыда көп. Мегаполисте таңғы сағат 7.00-ден бастап 574 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз дауыс беруіне ерекше жағдай жасалды. Арнайы кабина нашар еститіндерге арналған құлаққаптары бар компьютермен, Брайль құрылғысымен және үлкейткіш әйнекпен жабдықталған.
Алғашқылардың бірі болып Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев дауыс берді. Олар Мәншүк Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейде орналасқан №358 сайлау учаскесінде дауыс берді.
«Бүгін біздің мемлекетіміз үшін және оның азаматы ретінде мен үшін өте маңызды күн Бүгін еліміз өзінің болашағын айқындайды. Мен сайлау учаскесіне еліміздің болашағы, мемлекеттің бейбітшілігі мен гүлденуі, Алматы мен қала тұрғындарының бірлік-берекесі үшін дауыс беруге келдім», – деді Ерболат Досаев.
Азаматтық борышын өтеуге тырысқан алматылықтар қатарынан 100 жасар қария мен биыл мектеп бітірген түлектер де табылды. Соғыс және тыл ардагерлеріне сайлау комиссиясының мүшелері үйлеріне жәшік апарып, дауыс беруге мүмкіндік жасады. Қала бойынша 2 548 тұрғыны үйден дауыс беруге өтініш білдірген.
Бақылаушылар мектебі Алматы қаласында 1500 астам тәуелсіз бақылаушы дайындады. Дайындық барысында барлық тәуелсіз бақылаушылар қажетті нұсқаулықтар алып, қаланың 574 сайлау учаскісінің барлығында дауыс берудің заңдылығын бақылады.
«Алматылықтар жоғары көңіл-күймен дауыс беріп жатқандығына куә болып жатырмыз. Қала тұрғындарының белсенділігі қуантады. Жастар да, егде жастағы кісілер де таңертеңнен бастап сайлау учаскілеріне баруда. Бұл адамдардың саналы түрге дауыс беріп, өз болашақтарын өзгерткісі келетінін көрсетеді. Мен жеке өзім аралаған дауыс беру орталықтарының дайындық деңгейін жоғары бағаладым. Барлық учаскілерде қызу жұмыс жүруде», – деді ҚР Фрайчазинг қауымдастығының президенті Бекнұр Кисиков.
Елдегі елеулі оқиғаға қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, эстрада жұлдыздары белсенді қатысты. Солардың бірі Қзақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов референдум учаскесіне барып дауыс берді. Сондай-ақ, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов референдумда өз таңдауын жасады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құрайық, жаңа бір бағыт алайық деп ұран тастап жатыр. Бұл жай ғана ұран емес. Соған әр адам өз үлесін қосуы керек», – деді Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов.
Ал Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Анкарадағы Қазақстан елшілігіне барып, референдумға дауыс бергені туралы Facebook парақшасында жазды.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, белсенді дауыс беру құқығы бар 11 мың 350-ден астам Қазақстан азаматы шетелде жүр. Олардың басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Чехия, Германия елінде.
«Ең көп дауыс беретін мемлекеттердің бірі – Ресей Федерациясы. Ол елде біздің дауыс беретін 5 учаске бар. Ең көбі – Мәскеу қаласында. Онда 2 мыңға жуық азаматымыз дауыс береді деп болжам жасап отырық. Одан бөлек Санкт-Петербургте, Омскіде, Астраханьда және Қазан қаласында учаскелеріміз бар», – деді ҚР СІМ Адам ресурстары департаментінің директоры Медет Мақұлжанов.
Елімізде 10 мыңнан астам референдум учаскесі жұмыс атқарды. Референдумға 12 миллионға жуық адам қатысуға мүмкіндігі болғанын еске салайық.