Айдос Сарым: Қазақстанның болашағы - білім, ғылым және инновацияда

14.02.2026 13:12

Депутаттың айтуынша, көптеген елдің алдын орап, Конституциямызға тұңғыш рет цифрлық құқық мәселесін енгіздік

t.me/referendum_2026

Еліміздің Конституциясына цифрлық құқық мәселесінің енгізілуі — заң саласында ауқымды өзгерістерге жол ашатын маңызды қадам. Соның нәтижесінде барлық кодекстер мен заңнамалық актілерге түзетулер енгізілуі мүмкін. Бұл туралы «Референдум-2026» онлайн марафоны кезінде Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда адам өмірі тек физикалық кеңістікпен шектелмейді. Яғни біз күнделікті тіршілігімізді көшеде, үйде, жұмыс орнында жалғастырсақ, сонымен қатар цифрлық ортада да белсенді өмір сүріп жатырмыз. Білім алу, ақпарат іздеу, сауда жасау секілді көптеген әрекеттеріміз онлайн кеңістікке ауысты. Осы өзгерістерді ескере отырып, Қазақстан Конституциясына алғаш рет цифрлық құқық ұғымы енгізіліп отыр. Бұл бастама өз кезегінде бірқатар заңдар мен кодекстердің қайта қаралуына негіз болмақ. Мұны депутат үлкен жаңалық ретінде бағалады.

«Қазақстан ЖИ туралы заң мен Цифрлық кодексті қабылдап, маңызды қадам жасады. Жетістіктеріміз аз емес. Енді осы бастамаларды Консттуция арқылы нығайту қажет. Бұл – шын мәнінде революциялық жаңалық», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Сондай-ақ ол Конституция ең алдымен негізгі қағидаттарды айқындайтынын атап өтті. Құжаттың көптеген баптарына өзгерістер енгізілгеннен кейін, жаңа Құрылтай заңнамалық базаны толықтай жаңартып, кодекстер мен заңдарды қайта қарап шығуы мүмкін. Осылайша елдің құқықтық жүйесі жаңа кезеңге қадам басады.

«Біз бір дәуірді аяқтадық. Оны посткеңестік кезең деп айтуға болады. Жаңа, шын тәуелсіз кезеңге аяқ бастық. Сонымен қатар мұнай дәуірін аяқтадық. Мұнай табу қала беретін шығар. Дегенмен, Digital заманы келді. Енді мұндайдың энергиясына емес, адамның энергиясына негізделген экономика керек. Бізде шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызға жетті. Бұл үлкен жетістік. Бірақ, мұнан да артуы керек. Сонда ғана экономикамыз да, мемлекет те қарапайым халыққа тәуелді болады. Сол кезде ғана бір-бірімен астасып, қолдап жатады. Конституцияның үлкен бір өзгерісі бұрын бір бапта «биліктің қайнар көзі — халық» дейтінбіз. Енді егемендіктің де қайнар көзі мен қорғаны халық дейміз. Демек, жауапкершілікті бөлетін, ортақ ететін дәуірге келдік», — деді Айдос Сарым.

Айта кетейік, жаңа Конституция жобасына байланысты «Референдум–2026» онлайн-марафонының тікелей көрсетілімін Almaty TV телеарнасының YouTube арнасы арқылы қарай аласыздар. 

Дереккөз: Kazinform

Оқи отырыңыз: Астанада «Референдум-2026» онлайн-марафоны өтіп жатыр