Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қала тұрғындарын 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға қатысуға шақырды. Мұндай бейнеүндеу оның Instagram парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Еліміз аса маңызды тарихи өзгерістердің табалдырығында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен референдумға ұсынылған жаңа Конституция жобасы әділетті, ашық әрі қуатты мемлекет құрудың берік тұғыры. Бұл іргелі құжат қоғам көптен күткен терең өзгерістерге жол ашады. Адам құқығын қорғаудың негізгі қағидаттарын сақтай отырып, заманауи әрі озық құндылықтарды бекітеді», – деді Дархан Сатыбалды бейнеүндеуінде.
Алматы әкімі жаңа Конституция елдің дамуындағы стратегиялық бағытты айқындап, қоғамдық бірлікті нығайтып, халық билігі мен заң үстемдігін күшейтетінін атап өтті.
Сонымен қатар ол жаңа Конституция жобасының басты ерекшеліктерінің бірі – оның адамға бағдарланған сипаты екенін айтты. Бұл қағида Алматыда қолжетімді әрі сапалы қызметтердің одан әрі дамуына, сондай-ақ қала тұрғындарының тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
«Тәуелсіздік туын өзінің зеңгір көк аспанында алғаш рет желбіреткен алматылықтар Конституциялық реформаны жүзеге асыруда белсенді позиция ұстанып, оның әлеуетін толық пайдалануға әзір деп ойлаймын. Баршаңызды дауыс беруге қатысуға шақырамын. Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!», – деп сөзін түйіндеді қала әкімі.
Оқи отырыңыз: Қазіргі тарихи кезеңде ұлттың бірлігі аса маңызды – Мәулен Әшімбаев референдум туралы