Алматыда этномәдени бірлестіктер өкілдері референдумды қолдады

02.03.2026 16:03
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кездесуде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нурия Ниязова сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен алдағы референдум туралы түсіндірді.

Жаңа Конституция жобасы туралы айта келе, Нурия Ниязова бұл тек формалды түзетулер емес, жүйелі жаңару екенін атап өтті.

"Бұл косметикалық өзгерістер де, жекелеген тұжырымдарды алмастыру да емес, елдің Негізгі заңын қайта қарау", – деді ол.

Жоба баптарының бірқатарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, сенатор 6-бапқа тоқталып, онда идеологиялық және саяси әртүрліліктің бекітілетінін, сонымен қатар елдің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау көзделгенін атап өтті. Оның айтуынша, 9-бапта қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі расталады, сонымен бірге Қазақстан халқының тілдері де аталады, бұл мемлекеттің көпұлтты сипатын көрсетеді.

"Біз бұл нормаларды нақты түсініп, дұрыс түсіндіруіміз қажет. Ұлттық бірлікті нығайту – баршамыздың ортақ басымдығымыз, – деді сенатор.

Депутат адам құқықтарының кепілдіктеріне де жеке тоқталды. 19-бапта қорғану құқығы, өзіне қарсы айғақ бермеу құқығы және бір құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапкершілікке тартуға тыйым салу нормалары бекітілген.

"Бұл қағидалар түсінікті тілмен жазылып, әр азаматтың құқықтарын нақты айқындайды", – деп атап өтті ол.

Спикердің айтуынша, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, дербес деректерді қорғау, банк құпиясы мен хат алмасу құпиясын қамтитын 21-баптың да маңызы зор.

Технологиялық даму жеке ақпаратты сенімді қорғауды талап етеді. Бұл – балаларымыздың дербес деректері, қаржылық мәліметтер, телефон арқылы сөйлесулер", – деді депутат.

Сонымен қатар сөз бостандығы, еңбек ету құқығы және отбасы институтын қорғау жөніндегі нормалар да талқыланды.

Кездесу соңында сенатор кең ауқымды қоғамдық талқылаудың маңызын атап өтті.

"Парламентте біз де заң жобаларымен дәл осылай жұмыс істейміз – сұрақтар қойып, тұжырымдарды нақтылап, қоғам пікірін ескереміз", – деді ол.

Дөңгелек үстелге қатысушылар диалогқа белсенді қатысып, сұрақтар қойып, ұсынылған өзгерістер жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Этномәдени бірлестіктер өкілдері ұлтаралық келісімді сақтаудың маңызын атап өтіп, өз ұжымдарында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Кездесу референдумға қатысуға және елдің болашақ даму бағытын айқындауда азаматтық белсенділік танытуға шақырумен аяқталды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде референдум өткізу жоспарланған.

Оқи отырыңыз:  Алматыда домбырашылар референдумға арнап күй шығарды