Алматыда Конституциялық комиссия мүшелері білім беру саласының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға жиналғандар Ата заңдағы реформалардың негізгі бағыттары мен білім беру саласын дамыту мәселелерін ортаға салды. Басқосуға қалалық коалиция жетекшісі, Философия, саясаттану және дінтану институтының өкілдері мен тіл мамандары қатысып, реформалардың маңыздылығына тоқталды.
«Жаңа редакция мемлекеттің құқықтық заманауи талаптарға бейімделді. Билік тармақтарының жауапкершілігін арттыратын қоғам мен мемлекет арасындағы сенім институтын күшейтеді. Жаңа Конституцияның идеологиялық өзегінде «Әділетті Қазақстан» қағидаты жатыр. Мұндай кең ауқымды талқылаулар қоғамдық қордың тоғысқан орталығы Алматы қаласында өтуінің маңызы айрықша. Өйткені Алматы – саяси белсенділігі жоғары, азаматтық ұстанымы айқын, пікір алуандылығы қалыптасқан мегаполис», – деді қалалық мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев.
Айта кетейік, алқалы жиынға 80-ге жуық білім беру саласының өкілі қатысты. Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, жаңа Конституция жобасында адами капитал, шығармашылық еркіндік, цифрлық қауіпсіздік сияқты тақырыптар маңызды рөлге ие болып отыр.
«Біз преамбулада білім, ғылым, инновация, мәдениетке басымдық береміз. Ол анық жазылған және арнайы құндылықтар деген тармағындағы 3-бабында негізгі мемлекеттің даму стратегиялық басымдықтары ретінде бекітіледі. Білім жүйесі оқытатын жүйе емес, тәрбие, әлеуметтену процесінің үлкен әлеуметтік институты», – деді философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова.
Оқи отырыңыз: Конституцияның жаңа жобасында адвокатура институтына ерекше маңыз берілген