Алматыда референдум тұрақты әрі тыныш өтті - Рафаэль Гасанов

15.03.2026 21:43

«Жалпыұлттық дауыс беру барысында заңбұзушылықтар анықталған жоқ». Бұл туралы Алматыдағы тәуелсіз бақылаушылардың Ақпараттық штабы өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Алдын ала қорытынды брифингте мамандар дауыс беру кезінде жалған ақпарат тарату немесе арандату әрекеттері тіркелмегенін айтты. Яғни, референдум барысы тұрақты әрі тыныш өткен. Ақпараттық штаб жұмысы сағат 7:00-де басталған. Мамандар саяси науқанның өту барысын күні бойы әлеуметтік желілер арқылы жедел хабарлап отырды. Бұл жұмысқа 30-дан астам тәуелсіз журналист тартылып, өңір-өңірден үздіксіз ақпарат берілген.

Айта кетейік, Қазақстанда мұндай форматтағы ақпарат тарату алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Штаб өкілдерінің айтуынша, жедел ақпараттандыру форматы қоғамдық-саяси процестердің ашықтығын арттырып, ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді.

«Жалпыұлттық дауыс беру барысында елеулі заңбұзушылық тіркелген жоқ. Бақылаушыларымыз бен тілшілеріміз күні бойы учаскелердегі жағдайды бақылап, ақпаратты жедел жеткізіп отырды. Сондай-ақ референдум процесіне қатысты жалған ақпарат тарату, арандату әрекеттері де анықталған жоқ. Жалпы алғанда, дауыс беру барысы тұрақты әрі тыныш өтті», – деді Тәуелсіз бақылаушылардың ақпараттық штабының жетекшісі Рафаэль Гасанов.

Оқи отырыңыз: Еліміздегі референдум учаскелерінде қоғамдық тәртіп бұзылмады – Шыңғыс Әлекешев