Алматының заңгерлері жаңа конституция жобасы бойынша 15 наурызда өтетін референдумға қазақстандықтарды белсенді түрде қатысуға шақырды6 деп хабарлайды
Олардың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер замандық сын-қатерге жауап береді, азаматтардың құқығын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік басқару мен сот жүйесін анағұрлым тұрақты әрі әділетті етеді екен.
Мемлекеттік және конституциялық құқық саласының сарапшысы Раушан Әбубәкірқызы жаңа конституция жобасы уақыт талабын ескеріп, биліктің тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін атап өтті.
«Президенттің жарлығымен жаңа конституция жобасы бойынша референдум 15 наурызға белгіленді. Вице-президент лауазымы енгені негізгі өзгерістің бірі болды. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұндай маңызды әрі іргелі нормалар негізгі заңда бекітілуі тиіс деп санаймын. Бұл шешімдер ел мен қоғамның мүддесіне сай келеді», — дейді ол.
Сарапшының айтуынша, конституция жобасында цифрландыру жағдайындағы азаматтарды қорғауға ерекше назар аударылған.
«Қазір ұялы телефон мен интернетті пайдаланатын әр адам күн сайын кибершабуыл қаупіне тап болады. Жаңа конституцияда киберқауіпсіздік кепілдіктері қарастырылған, мемлекет азаматтарды цифрлық кеңістікте қорғау міндетін өзіне алады. Бұл осы заманғы сын-қатерлер мен қоғамның нақты сұранысына берілген жауап. Сондықтан мен референдум мен жаңа конституцияны қолдаймын», — деді Раушан Әбубәкірқызы.
«Закон и право» адвокаттық кеңсесінің директоры Ғалымжан Саржанов та пікір білдіріп, сот жүйесіндегі өзгерістерге назар аударды.
«Заңгерлік тәжірибеде сот процесі барысында судьялар азаматтардың уәжін әрдайым толық тыңдай бермейтін. Жаңа конституция жобасы бұл мәселені шешкен. 78-бапта судьялардың тараптардың барлық дәлелі мен талап-арызын міндетті түрде тыңдауы керектігі нақты бекітілген», — деді ол.
Заңгер референдумға қатысу — елдің құқықтық жүйесінің болашағына тікелей ықпал ету мүмкіндігі екенін атап өтті.
«Бұл нормалар азаматтардың құқығын қорғауды күшейтіп, сотқа деген сенімді арттырады. Сондықтан 15 наурызда баршаңызды референдумға келіп, жаңа конституцияны қолдауға шақырамын. Сот төрелігінің сапасы мен мемлекеттің дамуы да соған қарап тұр», — дейді Ғалымжан Саржанов.
Оқи отырыңыз: Алматылық депутаттар референдумға бірінші болып бармақ