Мұнайлы өлке жұрты да саяси науқаннан қалыс қалмай өз таңдауын жасап жатыр. Атыраулық театр ұжымы барша халықты мерекемен құттықтап, бір-бірімен көрісіп мәре-сәре. Ал ғасыр жасаған доссорлық кейуана елдің ертеңі үшін батасын берді. Вахталық режимде жұмыс істейтін мұнайшыларда болашақ үшін азаматтық таңдауларын жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
100 жастағы атыраулық Еркеш Жексенғалиева ел қатарлы сайлауға келді. Егде жасына қарамастан азаматтық міндетін атқарып, дауыс берді. Кейуана сайлау учаскесіне келген көпшілікке еліміздің тыныштығын тілеп, батасын берді.
«Жаладан, қауіптен, қатерден, жамандықтан сақта! Қайда жүрсеңдер де жолдарың ашық болсын, қарақтарым, дендерің саулық тілеймін. Аман жүріңдер!» – деді Доссор кентінің тұрғыны Еркеш Жексенғалиева.
Айтулы күні Атырау Жастар театрының ұжымы да науқанға бейжай қарамай өз таңдауын жасады. Өнер ұжымы дауыс беру учаскесіне қазақтың ұлттық киімін киіп келіп, хормен ән орындап, дауыс беруге келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Еліміздің болашағы жастар ғой. Осындай мәселелерден бейжай қалмай, дауыс беріп жатырмыз», – деді Атырау жастар театрының актері Игілік Әмір
Сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшыларды да сайлауға қатысып, дауыс берді. Отбасынан жырақта жүрген жұмысшылар өз таңдауын мұнай кенішінде жасады. Бұл жерде вахталық әдіспен жұмыс істейтін 10 мыңнан аса мұнайшы таңдауын жасаған. Теңіз кен орнында 8 тасымал жәшіктерімен дауыс беру пунктері жұмыс істеп тұр.
«Бүгін мен сайлау учаскесіне келіп, дауыс бердім. Бұл – еліміздің әр азаматының борышы. Сайлау ашық, әділ өтіп, нәтижелері еліміздің болашағын өз серпінін береді деп үміттенем», – деді мұнайшы Ардақ Ақпан.
Айта өтейік, аймақта 276 дауыс беру учаскесі бар. 416 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі 4600-ден аса азамат бар. Оларға учаскелерде қажетті жағдайлар жасалып, 137 инватакси, 27 сурдоаудармашы қызмет етіп жатыр.
Жұлдыз Қайратқызы
Оқи отырыңыз: Медеу ауданындағы №366 учаскеде Абай Құнанбаев дауыс берді