Бірінші рет дауыс бердім: Әуезов ауданында алғаш таңдау жасайтын 27 жасөспірім тіркелген

15.03.2026 17:00
Almaty.tv

Бүгін 52 мың 202 алматылық азамат республикалық референдумда алғаш рет дауыс береді. Олардың алғашқы легі өз таңдауын жасап үлгерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әуезов ауданындағы № 155 мектепте орналасқан № 201 референдум учаскесінде 2036 дауыс беруші тіркелсе, оның 27-сі алғаш рет өз таңдауын жасайды. Солардың бірі – Арслан Асқарұлы. Ол ел тарихындағы айтулы сәтте азаматтық ұстанымын білдіріп, дауыс беруге ерекше дайындалған.

«Өмірімде бірінші рет таңдауымды жасадым. Әр дауыс Қазақстан елінің болашағын айқындайтынын терең сезініп отырмын», – деді  қала тұрғыны Арслан Асқарұлы.

Сағат 7:00-де жұмысын бастаған учаскеге келушілер аз емес. Сондай-ақ осында келіп, дауыс беруі тиіс тұрғындардың екеуі таңдауын үйде жасауға өтініш білдірген. Сағат 12:00-де учаске мүшелері барып, азаматтар өз позициясын білдірген.

Оқи отырыңыз: Спортшылар да жалпыхалықтық дауыс беруге белсенді қатысып жатыр