Дамыған елдердің тәжірибесін тиімді пайдалансақ, ел дамуы жаңа деңгейге көтеріледі - Алтынбек Нұхұлы

14.02.2026 16:47

Сенатордың айтуынша, көптеген ел өздерінің Ата Заңында ұлттық мәдениеті мен тарихи ерекшеліктерін нақты айқындаған

Видеодан кадр

Астана қаласында жаңа Конституция жобасына байланысты өткен «Референдум–2026» онлайн-марафоны барысында Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы бірқатар дамыған мемлекеттердің конституциялық тәжірибесіне тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сенатордың айтуынша, көптеген елдер өздерінің Ата Заңында ұлттық мәдениеті мен тарихи ерекшеліктерін нақты айқындаған.

«Көп мемлекеттің Ата Заңында өздерінің төл мәдениеті, тарихы көрсетілген. Мысалы, Финляндия, Жапония, Германия Конституциялары осыған дәлел. Дамыған елдердің тәжірибесін өзімізде де іске асыра білсек, еліміздің дамуы жоғары деңгейде боларына сенемін», – деді ол.

Оның пікірінше, әсіресе білім мен ғылым саласына стратегиялық тұрғыда басымдық беру – табысты мемлекеттің негізгі кепілі. Мәселен, Финляндия білім беру жүйесі арқылы әлемдік деңгейде озық елдердің біріне айналды. Ал Жапония ұлттық болмыс пен заманауи дамуды ұштастырып, стратегиялық бағыттарын конституциялық деңгейде бекіткен. Германия да тарихи жауапкершілік пен мәдени құндылықтарды Ата Заңында айқындаған мемлекеттердің қатарында.

Алтынбек Нұхұлы озық елдердің тәжірибесін саралап, оны ұлттық ерекшеліктерге бейімдей отырып жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қадам елдің экономикалық өсіміне ғана емес, рухани дамуына да серпін береді.

«Алдыңғы қатарлы дамыған елдердің үлгілерін тиімді пайдалана алсақ, мемлекетіміз экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да әлдеқайда жоғары деңгейге көтеріледі», – деп түйіндеді сенатор.

Оқи отырыңыз: Халықаралық шарттар: Конституцияның жаңа редакциясына қандай өзгерістер енгізілді