Конституциялық комиссия мүшесі Алуа Ибраева жұмыстың қалай жүргізілгеніне тоқталды

16.03.2026 20:53

Жаңа Конституция жобасы - Қазақстанның даму бағытын белгілейтін маңызды стратегиялық қадам. Саясаттанушылардың пікірі осындай. Айтуларынша, ел ертеңін айқындайтын негізгі құжат қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған, 

Конституция - құқықтық құжат қана емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағыт беретін маңызды бағдар. Сарапшылардың айтуынша, Ата Заңның заман талабына сай өзгеріп, бүгінгі қоғамның сұранысына жауап беруі болашаққа жол ашады. Заң ғылымдарының докторы, Конституциялық комиссия мүшесі Алуа Ибраева жұмыстың қалай жүргізілгеніне тоқталды.

«Әуелі адам құқығы деген бөлім ерекше қаралды. Азаматтардың еркіндігі, бостандығы бірінші көңіл бөлінген мәселе болды. Сондай-ақ олардың мемлекет алдындағы, өзге азаматтардың алдындағы, балалары мен ата-анасының алдындағы міндетін айқындадық. Заман талабына сай, цифрлық құқық деген ұғым да пайда болды. Оны да өз алдына жеке қарастырдық», - деді заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Ибраева.

«Осы уақытқа дейін біздегі Конституция мемлекеттік тұрғыдан қарастырылған болса, енді соның ішіндегі басты құндылығымыз ол адам, адамзат болатын болса, қазіргі Конституцияда жеке жіті назар аударылған. Және де қазіргі қоғамның ең өзекті мәселесі ол жастарымыз арасында да және цифрлық түрлі трансформацияның негізіндегі үлкен егде жастағы азаматтарымыз арасында да, ол өзінің бірегейлігін, сәйкестігін ұсыну», - деді Философия, саясаттану және дінтану институтының орталық басшысы Шырын Тіленшиева.

Сондай-ақ сала мамандарының айтуынша, жаңа Ата Заңда ғылым, білім мен инновация саласына айрықша назар аударылғаны қуантады. Жаңа технологиялар енгізіп, зияткерлік әлеуетті арттыру - мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды.

«Келешекте қандай жолмен, қандай бағытта жүруіміз керек, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қандай жүйені жүзеге асыруымыз керек деген үлкен стратегиялық құжат болғандықтан, бүгініміз бен ертеңіміздің бағдарын білдіріп, болашақ елімізге қызмет етеді деп ойлаймын», деді М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

Айта кетейік, жаңа Конституция жобасына қатысты республикалық референдум кеше өтіп, алдын ала нәтижесі жарияланды. Жалпыхалықтық дауыс беру арқылы қазақстандықтар негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты пікірін білдірді.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Референдум ел азаматтарында саяси серпіліс барын аңғартты - депутат