Конституцияның жаңа жобасы бойынша өтетін референдумды 21 шетелдік байқаушы бақылайды

23.02.2026 21:24

Орталық референдум комиссиясы дауыс беруге арналған бюллетень қандай болатынын жариялады

15 наурызда Конституцияның жаңа жобасы бойынша өтетін референдумды 21 шетелдік байқаушы бақылайды. Олар – Әзербайжан, Палестина, Тәжікстан сияқты елдердің және бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері. Шетелдіктер референдум өткізу процесін бақылап, оның ашық әрі заң талаптарына сай өтуіне халықаралық деңгейде баға бермек, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Қазақстан референдумды бақылау үшін бірнеше халықаралық ұйымға шақырту жіберген. Орталық референдум комиссиясы да 30-дан астам шет мемлекеттің орталық сайлау комиссияларына хат жолдапты. Әзірге Сыртқы істер министрлігі ұсынған 3 халықаралық ұйым мен 5 елден 21 байқаушы аккредитация алды. Бұл тізім әлі де жаңарады.

«Атап айтсақ, Әзербайжан Республикасынан 2, Қырғыз Республикасынан 2,. Палестина мемлекетінен 1,Тәжікстан Республикасынан 1, Тайланд корольдігінен 1, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы байқаушылары миссиясынан 7 кандидатура, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінен 6, Түркі академиясынан 1 бақылаушы келеді», – деді Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.

.«Референдумда мүмкіндігі шектеулі адамдардың дауыс беруіне толық жағдай жасалады». Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров осылай дейді. Сөзінше, дауыс беру учаскелерінде Конституция жобасының мәтіні аудио нұсқамен ұсынылады. Ал көру қабілеті нашар жандар үшін Брайль әрпімен әзірленген трафарет қол жетімді болады.

«Қазіргі таңда трафареттерді дайындау және басып шығару жұмыстары жүргізілуде. Олар барлық референдум учаскесіне жеткізіледі. Сондай-ақ әр учаскеде бюллетеньдерді толтыру туралы арнайы аудио нұсқаулық қарастырылған. Көру қабілеті бұзылған азаматтардың дербес әрі кедергісіз дауыс беруіне қажетті жағдай толық қамтамасыз етілуде», – деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров

18 жасқа толған әрбір жан референдумға қатысуға құқылы. Азаматтар өздерінің тіркелген мекенжайы бойынша таңдау жасайды. Ал тұрақты тіркеуі жоқтар дауыс беру учаскесінің мекенжайы бойынша 1 күнге тіркеуге тұрып, таңдауын жасайды. Дауыс беру аяқталғаннан кейін тіркеу күшін жояды. Егер азамат дауыс беру күні өзінің тіркелген учаскесінде болмаса, ол алдын ала есептен шығару куәлігін ала алады.

«Дауыс беруге 15 күн бұрын және  дауыс беретін күннің алдынғы күні сағат 18:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының жазбаша өтініш бойынша және жеке басының куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлаушыға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін беретіні айқындалған», – деді Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов.

Орталық референдум комиссиясы дауыс беруге арналған бюллетень қандай болатынын жариялады. Азаматтар дауыс беру парақшасындағы «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қолдайсыз ба?» деген бір ғана сұраққа жауап береді.

Референдумға Үкіметтің резервінен 21 миллиардқа жуық қаражат бөлінген. Оның шамамен 75 пайызы аумақтық комиссия мүшелерінің жалақысын төлеуге жұмсалады.. Жалпы Республикалық референдумда 12 миллионнан астам азамат дауыс беруге құқылы. Ал маңызды датаға 19 күн қалды.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа Конституция жобасы талқылады