Конституцияның жаңа жобасында адвокатура институтына ерекше маңыз берілген

16.02.2026 16:15

Конституцияның жаңа жобасында адвокатура институтына ерекше маңыз берілген. Алғаш рет Ата заңға адвокатураның құқықтық мәртебесі нақты бекітілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Адвокат Тельман Әленов «бұл – құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған маңызды қадам» деп отыр. Ол құжаттың 86-бабы қоғам мен мемлекеттің қорғаушыларға деген көзқарасы өзгергенін білдіреді дегенін жеткізді. Адвокатура азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда шешуші рөл атқарады. Сондықтан оның тәуелсіздігі мен кәсіби қызметіне кепілдік беру – әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі.

«Жаңа Конституцияның жобасымен адвокаттар алқасы танысып шықтық. Қолданыстағы Конституцияда адвокат деген жалғыз сөз болған. Ал қазір екі жерде адвокат, бір бапта адвокатура деп жазылған. Бұл адвокаттың жеке басына ештеме де бермейді. Бұл адвокатура институтының адамды, азаматтың құқығын мемлекеттік кепілдік берген құқығы, бостандығы мен кепілдіктерін, жүзеге асыруға жәрдемдеседі», – деді адвокат Тельман Әленов

«Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi». Жаңа Конституция жобасының 28-бабында осылай деп жазылған. Депутат Айтуар Қошмамбетов бұл норманы өте маңызды деп бағалады. Мәжілісменнің сөзінше, ереже азаматтық қатынастарға қатысты туындайтын көптеген даулы мәселені шешуге негіз болады. Тұрғын үйге қатысты кез келген дау немесе талап міндетті түрде сот арқылы қаралуға тиіс. Бап азаматтардың баспанасына қол сұғылмауын қамтамасыз етіп, олардың конституциялық құқығын қорғайды.

 «Естеріңізде болса, мысалы бірнеше жыл бұрын Алматы қаласында сот орындаушысы келіп күштеп адамды үйден шығарып жатқан кезде, сол адамның өзі мылтық алып, сот орындаушысын атып кеткен. Ол өте қайғылы жағдай. Ондайға орын бермеу Конституция жобасында адамның жеке басын, құқықтарын және де оны үйден, жеке мүліктен шығару мәселесін нақты жазып кеттік. Соттың шешімінсіз ешкім ондайға бара алмайды, жасай алмайды», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмабетов.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция жобасына арналған сайт жұмысын бастады