Референдум күні Алматыдағы учаскелердің бірінде «Әжелер хоры» ән айтып, шашу шашылды

15.03.2026 08:57

Әнші әжелер алғашқы минуттан-ақ мерекелік көңіл күй сыйлап, халық әндерін орындады

пресс-служба акима Алматы

Бүгін таңертең алматылықтар қаланың Қазақстанның мәдени астанасы екендігін тағы бір мәрте көрсетті. Референдум күні Наурызбай ауданына қарасты Шұғыла шағынауданындағы №562 сайлау учаскесінде тұрғындарды ерекше әрі жылы атмосфера қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

№200 мектеп ғимаратында орналасқан учаскеде сайлаушыларды ұлттық нақыштағы киім киген «Әжелер хоры» қарсы алды. Әнші әжелер алғашқы минуттан-ақ мерекелік көңіл күй сыйлап, халық әндерін орындады. Сонымен қатар келген тұрғындарды қуаныш пен берекенің, ақ тілектің белгісі саналатын дәстүрлі шашу рәсімімен қарсы алды.

Шашылған тәтті-дәмдер мен жиналған жұрттың шат күлкісі айналаны ерекше мерекелік көңіл күйге бөледі. Шағынаудан тұрғындарының көпшілігі дауыс беру күнінің осындай жылы әрі әсерлі басталарын күтпегенін айтты. Көпшілік хор мүшелерімен бірге суретке түсіп, мерекелік көңіл күй сыйлағандары үшін алғыс білдірді. Олардың айтуынша, мұндай бастамалар маңызды қоғамдық шараларды халыққа жақындатып, шынайы мерекелік атмосфера қалыптастырады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының бай дәстүрлерін насихаттау. Осындай маңызды мемлекеттік оқиға – референдум күні алматылықтар ұлттық құндылықтарды қадірлей отырып, қонақжайлық дәстүрін де айқын көрсетті.

Оқи отырыңыз: «Күміс алқа» иегері Ольга Красноярова отбасымен бірге референдумда дауыс берді