Референдумды 38 елден келген халықаралық бақылаушылар қадағалап отыр

Референдумның өту барысын отандық және халықаралық бақылаушылар жіті назарда ұстайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Республикалық референдумды 38 елден келген халықаралық бақылаушылар қадағалайды. Дауыс беру барысын 11 ірі халықаралық ұйымның өкілдері де бақыламақ. Сарапшылар «Бұл референдумның ашық, әділ әрі заң талаптарына сай өтуіне мүмкіндік береді» дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Референдумның өту барысын отандық және халықаралық бақылаушылар жіті назарда ұстайды. Бұл – дауыс беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Ресми мәліметке сәйкес, ел аумағында 256 қоғамдық ұйым өкілі бақылаушы ретінде аккредитациядан өткен. Сонымен қатар саяси науқанды 38 мемлекеттен келген 359 халықаралық байқаушы да қадағалайды.

Айта кетейік, шетелдік өкілдерді тіркеу жұмыстары ақпан айынан бастап Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған болатын. Мамандардың көбі Астана қаласында жұмыс істеп, учаскелердегі дауыс беру процесін тікелей бақылауда ұстамақ.

«Бірнеше күн бұрын әріптестеріміз жұмысын бастаған болатын. Орталық референдум комиссиясына келіп, жергілікті аумақтық комиссиялардың кеңселеріне барып, әріптестермен кездесіп, тиісті ақпарат ала бастады. Ең бірінші мәселе – заң аясындағы тәртіп бойынша байқаушыларға толық қолдау көрсету», – деді Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, шетелдік бақылаушылардың келуі еліміздің халықаралық аренадағы беделін айқындай түседі. Оның сөзінше, бұл Қазақстанда өтетін сайлау науқандарына өзге мемлекеттердің де қызығушылық танытып отырғанын байқатады.

«Халықаралық байқаушылардың қатысуы науқанның ашықтығы мен жариялығына, мемлекет тарапынан халықаралық міндеттемелердің сақталуына ықпал ететінін тағы да атап өткім келеді. Бұл – біздің халықаралық міндеттемелерге бейімділігіміздің, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттермен сайлау саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырып отырғанымыздың дәлелі», – деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Сарапшылардың айтуынша, бақылаушылардың қатысуы бүкілхалықтық дауыс берудің халықаралық стандарттарға сәйкес өтуіне септігін тигізеді.

«Мен өзім бірнеше елде бақылаушы болғанмын, сондықтан белгілі бір тәжірибем бар. Бақылаушылар әдетте алдын ала дайындықтан өтеді. Мұндай бақылау қоғамға дауыс берудің қаншалықты ашық әрі әділ өткенін көрсетеді. Сонымен қатар әлемдегі бақылаушылар мен ұйымдарға еліміздегі демократиялық процестердің қаншалықты таза өтіп жатқанын айқындайды», – деді саясаткер Талғат Қалиев.

Айта кетейік, бақылаушылар туралы ақпарат ашық түрде жарияланған. Олар жайлы мәлімет пен тізім Орталық референдум комиссиясының ресми сайтында орналастырылған.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов пен Ерлан Қошанов республикалық референдумда дауыс берді

Новости партнеров