Референдумға келе алмаған азаматтар үйден дауыс бере алады

15.03.2026 14:12

Егер дауыс беруші өзінің тіркелген учаскесін білмесе, оны бірнеше жолмен анықтай алады

Белгілі бір себептерге байланысты референдум учаскесіне келе алмайтын қазақстандықтар үйден дауыс бере алады. Мәселен, ауырып қалған азаматтар, сырқаттанып жатқан адамға күтім жасап отырғандар, сондай-ақ жүріп-тұруы қиын егде жастағылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар өз таңдауын жасау үшін референдум учаскесіне хабарласып, өтініш беруі керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан референдумға 12 миллион 500 мыңға тарта азамат қатысады. Бүгін барлығы 10 мың 401 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Халық таңдау жасайтын орындарда Конституция жобасының мәтінімен таныса алады. Сондай-ақ учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған. Арнайы дайындалған кабина мен биіктігі реттелетін үстел қарастырылған. Бұрышқа ноутбук қойылып, оның ішінде аудио бюллетень, нұсқаулық және Брайль қарпіндегі мәтіндер бар. Қажет болған жағдайда лупа мен қағаз нұсқаулық та қолжетімді. Ал денсаулығына немесе белгілі бір себептерге байланысты дауыс беруге келе алмайтын азаматтар өтініш берсе, комиссия мүшелері олардың үйіне барады.

«Әр учаскеде телефон орнатылған. Сол арқылы азаматтардан өтініш түседі. Өтініштер 15-і күні сағат 12:00-ге дейін қабылданады. Сағат 12-ден кейін екі комиссия мүшесі міндетті түрде жылжымалы жәшікті алып, дауыс берушілердің үйіне барады. Олармен бірге қалаған жағдайда байқаушылар да бара алады. Сонымен қатар әкімдік тарапынан жылжымалы жәшікті алып жүретін арнайы көлік пен қызметкерлер бөлінген», – деді №485 референдум учаскесі комиссиясының хатшысы Назым Сарекенова.

Егер дауыс беруші өзінің тіркелген учаскесін білмесе, оны бірнеше жолмен анықтай алады. Мәселен, eGov порталы немесе тұрғылықты жері бойынша әкімдіктің колл-орталығы арқылы ақпарат алуға мүмкіндік бар.

«eGov mobile қосымшасы, екінші деңгейлі банктердің сервистері, сондай-ақ байланыс операторларының SMS-хабарламалары арқылы жіберілген ресми сілтемелер немесе көрсетілген QR-кодты сканерлеу арқылы азаматтар сайттың арнайы бөліміне өтіп, ЖСН енгізу арқылы өз референдум учаскесін анықтай алады», – деді Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов.

Шетелдегі қазақстандықтар да өз таңдауын жасай алады. Бүгін 54 елде орналасқан 71 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Жалпы дауыс беру Қазақстан уақытымен таңғы 07:00-де басталып, кешкі 20:00-де аяқталады. Референдумға 18 жасқа толған, қолданыстағы заңнамаға сәйкес сайлау құқығы бар азаматтар қатыса алады.

Әлихан Өтеген, Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматы тұрғындары референдумға белсенді қатысып жатыр