Шетелде 14 мыңнан астам қазақстандық референдумда дауыс береді

Ең алдымен Токио мен Сеул қалаларындағы учаскелер ашылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шетелде 14 мың 380 қазақстандық дауыс береді. Олар 54 елде орналасқан 71 референдум учаскесінде таңдауын жасайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ең алдымен Токио мен Сеул қалаларындағы учаскелер ашылды. Дауыс берушілер Астана уақытымен таңғы сағат 03:00-ден бастап таңдауын жасай бастаған. Сағат 08:00-ге дейін жалпы 23 референдум учаскесі жұмысын бастапты. Оларға келіп, дауыс бергендердің саны 198 адамды құраған.

Жалпы шетелде 54 елде 71 дауыс беру учаскесі бар. Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов 10 елдегі 11 учаске ашылмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне және азаматтар санының аз болуына байланысты.

Ал ең соңғы болып ашылып, жабылатын учаске АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан.

«Бұл учаске Астана уақытымен бүгін сағат 19:00-де ашылады және 16 наурыз күні сағат 08:00-де жабылады. Дауыс бергендердің саны туралы ақпарат түске дейін әр екі сағат сайын, ал түстен кейін әр сағат сайын жаңартылып отырады», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов.

Еліміздегі барлық учаскеде дауыс беру жүріп жатыр. Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, таңғы сағат 07:00-де ел бойынша 10 мың 388 учаскеде дауыс беру басталған. Ал 92 учаскеде дауыс беру 06:00-ден бастап жүргізілуде.

«Барлығы 17 514 азамат дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін алды. Жалпы 10 388 референдум учаскесі бар. Оның ішінде шетелде 54 елде орналасқан 71 учаске бар», – деді Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.

Жалпы бүгін ел бойынша 10 мың 401 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Комиссия дерегінше, референдумға 12,5 миллионға жуық азамат қатысады.

Оқи отыпыңыз: Алматыдағы Думан шағынауданында ұлттық киім киген аға буын өкілдері дауыс беруге келді

Новости партнеров