Алматыда балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының ұжымымен сенаторлар кездесіп, Конституцияға енгізілуі мүмкін өзгерістер жобасын талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиында жаңа құжаттың әлеуметтік бағыттары, әсіресе денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер кеңінен талқыланды. Басқосу барысында тегін медициналық көмекке қолжетімділік, саланың тұрақтылығы мен азаматтардың құқығы жаңа форматта бекітілуі мүмкін екені сөз болды. Дегенмен қолданыстағы әлеуметтік кепілдіктер өзгеріссіз қалатыны ерекше атап өтілді.
«Соңғы күндері қоғамда тегін әлеуметтік медициналық көмекті алып тастайды деген алаңдаушылық жүріп жатыр. Өйткені Конституцияның жаңа жобасында тегін сөзі алынып, ақысыз деп өзгертілді. Біз әлеуметтік маңыздылыққа басымдық беретін мемлекетпіз. Жаңа Конституция жобасында басты маңыздылық адам деген ұғым анық жазылып, көрсетілген», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова.
Басқосу барысында сенаторлар жаңа Конституция жобасында медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау тетігіне ерекше көңіл бөлінгенін көпшілікке кеңінен түсіндірді. Жиынға қатысушылар Ата Заңның жаңа жобасында адами капиталды дамытуға басымдық берілгенін қолдады. Сондай-ақ жұртшылық білім мен ғылымды ілгерілетуді, инновациялық технологияларды енгізуді денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің негізгі бағыты ретінде бағалап отыр.
«Конституциядағы нақты көрсетілген мәселе – медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі. Жұмыс істеу мәселесі. Бұрын ол заңда қаралмаған. Бұл қоғамда өте күрделі талқыланып, жан-жақты депутаттық сауалдар қойылып, заңнамға өзгерістер еңгізу арқылы қоғамда қаралып отыр», – деді ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов.
Оқи отырыңыз: Заң және тәртіп: алматылық жастар жеке жауапкершіліктің маңызын талқылады