Түркияда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы бойынша өткен референдумдағы дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылған сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де жабылды.
Түркия аумағында барлығы төрт сайлау учаскесі — №450, №419, №460 және №512 жұмыс істеді. Олар таңғы 07:00-ден бастап азаматтарды қабылдады. Күні бойы елде тұратын немесе уақытша жүрген қазақстандықтардың белсенділігі жоғары болды.
Дауыс беруге студенттер, кәсіпкерлер, туристер, сондай-ақ дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, азаматтық ұстанымын білдірді.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің мәліметінше, ел аумағында референдумға қатысатын 3 600-ден астам Қазақстан азаматы тіркелген.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігі жанындағы референдумның учаскелік комиссиясының төрағасы Асқар Төлепбергенинің айтуынша, Анкара уақыты бойынша сағат 20:00-дегі жағдайға сәйкес 1 222 адам дауыс берген. Осылайша жалпы қатысу көрсеткіші 100 пайызды құрады.
"Түркия аумағындағы сайлаушылардың қорытынды қатысу деңгейі 100 пайыз болды. Анкарадағы сайлау учаскесінде 1 222 сайлаушы тіркелген", — деді А.Төлепберген.
Учаскелер жабылғаннан кейін комиссия мүшелері дауыстарды санауға кірісті.
Сайлау комиссиялары барлық төрт учаскеде дауыс беруге қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
Референдумды ұйымдастыру жұмыстарына бұған дейін осындай шараларды өткізуде тәжірибесі бар Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының қызметкерлері тартылған.
Оқи отырыңыз: Еліміздегі референдум учаскелерінде қоғамдық тәртіп бұзылмады – Шыңғыс Әлекешев