Алуа Ибраеваның айтуынша, преамбула бүкіл конституциялық жүйенің құндылықтық бағытын айқындайды
2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде республикалық референдум өтеді. Негізгі заң жобасы қазірдің өзінде қоғамда кеңінен талқыланып, сарапшылар оған баға бере бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Құжаттың басты ерекшелігінің бірі — жаңартылған кіріспе бөлігі (преамбула). Онда «Қазақстанның біртұтас халқы» ұғымы бекітіліп, байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттілікті нығайту, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы атап өтіледі, сондай-ақ мемлекеттің унитарлық сипаты, оның шекарасының мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы расталады. Алғаш рет конституциялық деңгейде «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты тұжырымдалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты кепілдікпен қамтамасыз ететін құқықтық мемлекет құруға бағытталған стратегиялық бағдарды айқындайды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраеваның айтуынша, преамбула бүкіл конституциялық жүйенің құндылықтық бағытын айқындайды. Онда бірлік пен ынтымақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісім қағидаты, мәдениет, білім, ғылым мен инновацияның басымдығы бекітілген. Сонымен қатар табиғатқа ұқыпты қарау мен Қазақстанның барлық елмен бейбіт қарым-қатынас жасауға ұмтылатыны атап көрсетілген.
7-бапта діннің мемлекеттен бөлінгені нақты бекітіліп, діни бірлестіктердің қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылатыны көрсетіледі. Сонымен қатар конституциялық құрылыстың негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның имандылығын қорғауға бағытталған құқықтық шектеулер көзделген. Осы қағидатпен логикалық байланыста 33-бапта білім беру ұйымдарындағы оқыту мен тәрбиенің зайырлы сипаты бекітілген.
Адам құқықтары саласындағы маңызды қадамдардың бірі — 22-бап нормасы. Оған сәйкес әркім өзінің ұлттық тиесілігін айқындауға, көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы. Бұл жеке таңдау еркіндігіне және қазақстандық қоғамның көпұлтты сипатына құрметті білдіреді.
Экологиялық бағыт та конституциялық деңгейде бекітілді. 8-бапта алғаш рет меншік иелерінің жауапкершілігі айқындалған: меншік пайдалану қоршаған ортаға зиян келтірмеуі және өзгелердің құқығын бұзбауы тиіс. Осылайша бизнес пен жеке меншік иелерінің әлеуметтік жауапкершілігі күшейтіледі.
Адам құқықтарының маңызды кепілдіктері құқық қорғау органдарының қызметін реттейтін нормаларда да көрініс тапқан. 18-бапта ұсталған адамға бостандығын шектеудің негіздері мен оның құқықтарын міндетті түрде түсіндіру қарастырылған. Бұл заң тәжірибесінде «Миранда қағидасы» ретінде белгілі. 19-бапта кінәсіздік презумпциясы, бір құқықбұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға тыйым салу, сондай-ақ өзіне және жақын туыстарына қарсы куәлік бермеу құқығы бекітілген.
Жеке өмірді қорғауға да ерекше мән берілген. 20-бапта жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылық, дербес деректерді, соның ішінде цифрлық ортада қорғау, сондай-ақ банктік операциялардың, хат алмасудың және өзге де хабарламалардың құпиясы құқығы бекітілген.
Мемлекеттің әлеуметтік бағыты 27-бапта айқын көрсетілген. Онда еңбек етуге, мамандықты еркін таңдауға, қауіпсіз еңбек жағдайларына және кемсітусіз әлеуметтік қорғауға құқық кепілдендірілген. 14-бапта бір адамның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтарын бұзбауға және конституциялық құрылыстың негіздеріне қол сұқпауға тиіс екені белгіленген.
Профессор Алуа Ибраеваның пікірінше, жаңа Конституция жобасы мемлекеттілікті нығайтуға және адам құқықтарын жан-жақты қорғауға берік құқықтық негіз қалыптастырады. Алдағы референдум елдің құқықтық жүйесін дамытудағы маңызды кезең болып, Қазақстан Республикасының одан арғы даму бағытын айқындайды.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы Неміс жастары клубының жетекшісі жаңа Конституция жобасын қолдады