Жаңа Конституция жобасы балалардың құқығын қорғайды - Динара Зәкиева

22.02.2026 14:58

Қазіргі уақытта әлеуметтік салада отбасыларға қолдау көрсету жүйесі дамыған

t.me/consot_kz

Астанада өткен «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаңда Қазақстандағы балалар құқығы мен олардың қорғау шаралары талқыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева атап өткендей, жаңа Конституция жобасына сәйкес балаларды тәрбиелеу және оларға қамқорлық жасау – ата-ананың басты құқығы мен міндеті. Ал мемлекет тек қауіпті немесе құқық бұзылған жағдайларда араласады:

«Конституция жобасына сәйкес - балаларды тәрбиелеу, оларға қамқорлық жасау ата-ананың басты құқығы және міндеті болып табылады. Ал мемлекет балалардың құқығын қамтамасыз етеді».

Сонымен қатар қазіргі уақытта әлеуметтік салада отбасыларға қолдау көрсету жүйесі дамыған. Елде 49 қызмет түрі және 15 түрлі жәрдемақы қарастырылған. 

«Қабылданған заңдарға сәйкес барлық өңірлерде, әр ауданда отбасыны қолдау орталықтары ашылды, мобильдік топтар құрылды. Бұл мобильдік топтар былтыр 13 мың қиын жағдайда тұратын отбасыларды анықтап, отбасылық орталықтарға сүйемелдеуге қабылданды», - деп атап өтті Динара Зәкиева.

Жаңа Конституция жобасы балалар құқығын қорғаудағы мемлекет пен ата-ананың рөлін нақтылап, отбасылық және әлеуметтік қолдауды жүйелі түрде қамтамасыз етуді көздейді.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция жобасы өңірлердің дауысын айқындайды - Айгүл Сәдуақасова