Жаңа Конституция жобасы өңірлердің дауысын айқындайды - Айгүл Сәдуақасова

22.02.2026 12:56

Сарапшының айтуынша, өңірлік өкілдіктің күшеюі ұлттық деңгейдегі басқарудың сапасына да әсер етеді

t.me/kisi_kz

Астанада өткен «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаңда Қазақстандағы өңірлік және ұлттық басқару жүйесінің жаңғыруы мен Халық кеңесінің рөлі талқыланды. Сарапшылар жаңа Конституция жобасы еліміздің саяси және әлеуметтік құрылымына қалай әсер ететінін жан-жақты түсіндірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова өңірлердің дамуына назар аударды.

«Қазіргі таңда біздің өңірлеріміздің саны жиырмаға жетті. Соңғы 3-4 жылдағы әкімшілік реформа нәтижесінде жаңадан қалыптасқан өңірлеріміз бар. Сонымен қатар жаңа инновациялық смарт қаланың құрылысы басталуда. Сондықтан біздің әлеуетіміз осы жағынан да өсіп келе жатыр. Осыны ескере отырып, өңірлердің дауысы қаттырақ және айқын шығады деп ойлаймын.

Ал өңірлердің өмір сүру деңгейі өте маңызды, өйткені ол біздің халқымыздың көпшілік бөлігі өмір сүріп жатқан нақты локалды аймақтар. Қазіргі таңда локалды және глобалды форматта өмір сүру қатар жүруде», - деп атап өтті Айгүл Сәдуақасова.

Сарапшының сөзінше, өңірлік өкілдіктің күшеюі ұлттық деңгейдегі басқарудың сапасына да әсер етеді. Бұл тек әкімшілік құрылымның өзгеруімен ғана шектелмей, әлеуметтік қызметтер мен даму бағдарламаларының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар Айгүл Сәдуақасова Халық кеңесінің рөлін де атап өтті.

«Халық кеңесі – бұл қазір кенеттен пайда болған орган деп айта алмаймыз. Оны Президенттің өзі нақты айтты. Біз егеменді 35 жылдық тарихымызда жинақталған тәжірибемізге сүйенеміз.

Бұл тәжірибенің ішінде 1995 жылғы Қазақстан халық ассамблеясы, 2003 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бар. Біз осы уақытқа дейін сегіз съезд өткіздік. Және соңғы 5 жылда белсенді жұмыс атқарған ашық сарапшылар алаңы – Ұлттық Құрылтай.

Сондықтан Халық кеңесі өзіне дейінгі үш негізгі институттар тарихын жинақтап, жаңа институционалдық деңгейге шығатын алаң».

Айгүл Сәдуақасова атап өткендей, жаңа Конституция жобасы өңірлер мен халық пікірін ұлттық деңгейде жүйелі түрде ескеруге мүмкіндік береді. Осылайша, ол қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, сенім мен дамудың жаңа архитектурасын қалыптастырады.

Оқи отырыңыз: Сарапшылар қауымдастығы жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылады