Жастардың референдумға белсенді қатысуы қуантады - Жанар Айжанова

15.03.2026 20:45

Жаңа конституция жобасына қатысты жалпыхалықтық референдумға елге танымал азаматтар да белсенді қатысып жатыр. Түс ауа Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде орналасқан №622 референдум учаскесінде Қазақстанның халық әртісі, кино және театр актері Досхан Жолжақсынов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Қарагөз Сүлейменова да өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ең негізі – халықтың әлеуметтік жағдайы, жастардың ертеңгі келешегі,ерлі-зайыптылардың ертеңгі ұрпағының жалғасуына септігін тигізетін – Ата Заң деп ойлаймын. Арнайы келіп, дауыс бердік», – деді Қазақстанның Халық әртісі, кино және театр актері Досхан Жолжақсынов.

«Қоғам әлем бір орында тұрған жоқ, әлем бір орында тұрған жоқ. Бұл – маңызды қадам», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қарагөз Сүлейменова

Ал Медеу ауданындағы «Жоғары медициналық колледжінде» орналасқан № 537 учаскесінде танымал әнші әрі актриса Жанар Айжанова дауыс берді. Өз таңдауын жасаған айтыскер «халықтың референдумға белсенді қатысуы қуантады» дейді. Әсіресе жастардың болашаққа бей-жай қарамауы – ертеңге сенім ұялатады.

«Сайлау учаскесінде жастар да бала-шағасын ертіп, ағылып келіп жатыр. Мені қуантады. Ат төбеліндей халықпыз, маңызды іс-шараларға бәріміз де атсалысуымыз керек. Азаматтық борышым көзқарасымды білдірдім», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанар Айжанова.

Оқи отырыңыз: Алматыда зиялы қауым өкілдері жалпыұлттық референдумға белсенді қатысты